Ауғанстанның бұрынғы вице-президенті Амрулла Салех Талибанға қарсы соғыс ашты

Елдің солтүстік-шығысында орналасқан Панджшер провинциясында бұрынғы вице-президент Амрулла Салехтың жақтастары тәліптерге қарсы шығып, Парван ауданын басып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзін мемлекет басшысы деп жариялаған Салех қазір әскер жинауда. Кейбір дерек көздері бойынша Панджшер аймағына 10 мың жасақ келе жатыр. Осы аралықта Кабулда Талибан өкілдері ел астанасын басып алғаннан кейін алғаш рет ресми баспасөз мәслихатын өткізді. 

Забихулла Муджахида, Талибан ресми өкілі:

– Біз тарихи кезеңде тұрмыз. Бұған еш күмән жоқ. Қазір жаңа үкімет құрылып жатыр. Біз әртүрлі саяси күштердің көшбасшыларымен кездесіп, ортақ мәмілеге келеміз. Үкімет жұмысы шариғатқа негізделмек. Бізге ішкі де, сыртқы да жаулар керек емес. АҚШ және басқа одақтастарға қызмет еткен барлық адамға рақымшылық жасаймыз, оларға тиіспейміз. Жер байлығын елді қайта құру үшін пайдаланамыз. Қару-жарақ және есірткі саудасына байланысты кез келген заңсыз әрекетке қарсы тұрамыз. Қыз-келіншектер де бұрынғыша жұмыс істейді. Олардың құқығы еш шектелмейді.

Рейтер агенттігіне сұхбат берген жергілікті студент, көшеде бірде бір қыз-келіншектің көрінбейтінін алға тартады. Талибан 1996 және 2001 жылдар аралығында билік құрғанда, әйелдерді жұмыс істеуден тыйып, тіпті жұрт алдында тас лақтырумен жазалаған болатын. Қыздардың мектепке баруына тыйым салынып, нәзік жандардың паранжа киюі міндет болған.

БЛИЦ:

– Қыздар көшеге мүлде шықпайды, олар үйінде отыр. Соңғы 2 күн бойы Кабулдың көшесінен бірде бір қыз көрген жоқпын. Олар тәліптерден қорқады. Бірақ бұл жолғы Талибан бұрынғы Талибан емес. Бұл жолғы тәліптер мейірімді. Олармен бірге суретке түсіп жатқан адамдарды көрдім. Дегенмен біз Талибаннан қорқамыз. Жастар қазіргі жағдайды толық түсінбей жатыр.