425,85 504.32 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Израильде коронавирустан көз жұмғандардың 63% – вакцина алмағандар

  • 141
  • UPD: 10:54, 18.08.2021
Израильде коронавирустан көз жұмғандардың 63% – вакцина алмағандар

Израильде 1 млн-нан астам адам коронавирусқа қарсы үшінші екпе салдырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет өкілдерінің мәлімдеуінше, халыққа қайта вакцина салдырмаса, індетті еңсеру мүмкін емес. Елде дельта штамы тарағандықтан, мектептердің ашылуы екіталай болып тұр. Жалпы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биыл коронавирустан көз жұмғандардың 63 проценті екпе салдырмаса керек.  

Қазір бұл елде елу жастан асқан азаматтарға үшінші екпе салынып жатыр. Қызмет бабы бойынша көп адаммен араласатын медицина қызметкері мен тәртіп сақшыларына басымдық беріліп отыр. Билік өкілдері азаматтарын үшінші екпе алуға үнемі үгіттейді. Аата-аналарға, араб қауымына жеке үндеу жариялайтын болды.

Нафтали Беннет, Израиль премьер-министрі:

– Құрметті азаматтар, араб қауымының мүшелері, жеке сіздерге арнап айтамын. Елде дельта штамының індеті дендеп тұр. Вакциналаудан өзге онымен күресетін құралымыз жоқ. Сіздерді дереу екпе салдыруға шақырамын. Ал вакциналанғандарды үшінші екпе алуын сұраймын. Тек осылай ғана қарияларды, ата-анамыз бен әжелерімізді қорғай аламыз.

Ауыр халде жатқан науқастардың 80 проценті – жасы алпыстан асқан азаматтар. Ал ауруды жұқтырғандардың көбісі – екпе салдырмаған балалар. 12 жастан асқан жеткіншектердің тек үштен бір бөлігі ғана вакциналанған.

Сальман Зарка, індетпен күрес штабының үйлестірушісі:

– Екі аптадан кейін оқу жылы басталады, соған алаңдап отырмыз. Қазір білім беру министрлігімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Олардан оқушыларының 70 процентінен астамы вакциналанған сыныптарда сабақ бастауды талап етіп отырмыз. Қалғандары қашықтан оқу керек. Әйтпесе қыркүйек айының басында індет өршіп кетеді.

Осыған қатысты Денсаулық сақтау және Білім беру министрліктері арасында дау туындады. Білім беру министрі маска тағу, арақашықтық сақтау, санитайзерлер секілді сақтық шараларын сақтап, мектептерді ашқысы келеді. Денсаулық сақтау министрлігі бұған қарсы, өйткені қыркүйек айының ортасында ауруханалар толып кететін түрі бар. Қазірдің өзінде онда ауыр хәлде 500-ден аса адам жатыр. Ал ең көбі 800 ауыр науқасты қабылдай алады. 

Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы