Qantas Airways компаниясы қызметкерлерінен екпе алуды талап етті

Австралиялық Qantas Airways компаниясы қызметкерлерінен коронавирусқа қарсы екпе алуды талап ететінін жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәлімдемеге қарағанда, бірлестік ұшқыштары, жолсеріктері және әуежай қызметкерлері қарашаның 15-іне дейін, ал қалған жұмысшылар 2022 жылдың наурыз айына дейін вакциналануы тиіс. Qantas Airways компаниясы бұған дейін шекара ашылған соң, халықаралық рейс жолаушыларынан вакцина талап етілетінін хабарлаған еді. Ал індетке қарсы шектеулерден соңғы екі айда бірлестіктің 2,5 мыңға жуық қызметкері жұмыссыз қалған.

Алан Джойс, Qantas Airways компаниясының атқарушы директоры:

– Коронавирусқа қарсы екпе – қайта-қайта енгізілетін шектеулер мен шекараны жабуға тоқтау салатын жалғыз жол. Бұл компанияның жұмыссыз отырған қызметкерлерінің еңбек орындарына оралуына да көмектеседі. Ең бастысы, біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін қабылданып отырған шара.