Гаитиде жарақат алғандарға көмек көрсетілмей жатыр

Гаитиде ауруханалар жойқын жер сілкінісінен жарақат алғандарға толып, жапа шеккендерге көмек көрсетілмей жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан дәрігерлер медициналық жәрдемді аурухана дәлізі мен емдеу мекемесінің алдында көрсетуге мәжбүр. Көшелерде уақытша шатырлар тігілген.

Жалпы, зілзаладан 10 мыңға жуық адам жарақат алған. Із-түзсіз жоғалып кеткендер де көп. Табиғат апатынан бірнеше ірі аурухананың қирап қалуы жағдайды ушықтырып отыр. 

Еске сала кетейік, Гаитиде сенбі күні 7,2 балдық жер сілкінісі болып, 2 мыңға жуық адам қаза тапты. Мыңдаған ғимарат пен үй қирап бүлініп, 30 мыңнан аса отбасы баспанасыз қалды. Ал зілзаладан кейін дәл осы елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде «Грейс» дауылы соғып, елдегі жағдайды тіпті нашарлатып жіберді. Табиғат апатынан іздестіру-құтқару жұмыстары уақытша тоқтатылған.