Тәліптер әйелдер құқығын шектемеуге уәде берді

Ауғанстаннан біздің ел сияқты басқа мемлекеттер де өз азаматтарын алып кетіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Ал қалған жұрт қайтпек? Елдің бүгінгі жағдайы қандай?

Бизнес біртіндеп қалыпқа келіп жатыр. Жағдай тұрақтала бастады. Тәліптер тұрғындардың алаңдаушылығын басу үшін қолдан келгенше барынша тырысады деп үміттенемін.

Ендігі басшылық қарулы қақтығыстарды тоқтатып, ауған халқы тату өмір сүруі үшін елде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатады деп үміттенемін.

Кабул қалыпты өмірге орала бастады. Сауда орындары қайта ашылып, жұрт жұмысқа кіріскен. Көшеде жүрген көлік те, адам да көп. Соған қарамастан азаматтардың кеудесінде қорқыныш, жүрегінде үрей жоқ деуге болмайды. Себебі 1996-2001 жылдар аралығында «Талибан» әйелдерге қорлық көрсетіп, барлық мүмкіндіктен шектеген еді. Бірақ бұл жолы тәліптер әйелдер құқығын шектемеуге, кек сақтамауға уәде беріп отыр.

Забихулла Муджахида, «Талибан» ұйымының ресми өкілі:

– Біз тарихи кезеңде тұрмыз. Бұған еш күмән жоқ. Қазір жаңа үкімет құрылып жатыр. Біз әртүрлі саяси күштердің көшбасшыларымен кездесіп, ортақ мәмілеге келеміз. Үкімет жұмысы шариғатқа негізделмек. Бізге ішкі де, сыртқы да жаулар керек емес. АҚШ және басқа одақтастарға қызмет еткен барлық адамға рақымшылық жасаймыз, оларға тиіспейміз. Жер байлығын елді гүлдендіру үшін пайдаланамыз. Қару-жарақ және есірткі саудасына байланысты кез келген заңсыз әрекетке қарсы тұрамыз. Қыз-келіншектер де бұрынғыдай жұмыс істейді. Олардың құқығы еш шектелмейді.

Алайда бұл уәдеге күдікпен қарайтындар көп. Бүгін бірнеше қыз-келіншек Кабулдағы президент сарайы алдына жиналып, ауған әйелдері құқығының қорғалуын талап етті. Ал Нангархар провинциясында ондаған адам мемлекеттік туды қолдау үшін шеруге шыққан. Бірақ «Талибан» содырлары оларға оқ жаудырған. РИА агенттігінің хабарлауынша, қаза тапқандар мен жарақат алғандар бар.

Қазір әлемнің бірқатар елі «Талибан» қоластында өмір сүргісі келмейтіндерді ауған жерінен әкетіп жатыр. Мәселен, Ұлыбритания босқындарды қабылдаудың жаңа бағдарламасы аясында бірінші жылы 5 мың ауған азаматын елге кіргізетінін жеткізді. Ал Кабулдағы дипломатиялық миссия өкілдерінің санын қысқартып, елге қайтатындарын көшіріп алған АҚШ бүгін Ауғанстан орталық банкінің қаражатын бұғаттады. Халықаралық валюта қорының есебі бойынша, АҚШ есеп-шоттарында ауған орталық банкіне тиесілі 9 млрд доллар бар.

Құрама Штаттар оны Ауғанстанда билікке келген «Талибан» қозғалысы қаржыға қол салмауы үшін бұғаттап тастаған.