«Дельта» штамы жабық шекарадан өтіп кетті

Коронавирустың «дельта» штамы Жаңа Зеландияға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда соңғы жарты жылда алғаш рет дерт жұқтыру дерегі расталды. Билік науқасты оқшаулап, вирустың одан әрі таралуын болдырмау үшін 3 күнге жалпыұлттық карантин жариялады. Сөйтіп барлық кәсіпорындар мен мекемелер жұмысын тоқтатты. Соған қарамастан бүгін вирус жұқтырғандар саны жетеуге жетті.

Айта кеткен жөн, Жаңа Зеландия ­– коронавируспен тиімді күрес жүргізіп жатқан елдердің бірі. 5 миллионға жуық тұрғыны бар елде індеттен 30-ға жуық адам көз жұмған. Вирус жұқтырудың соңғы дерегі биыл ақпанда тіркелген еді. Ал билік шекарасын келесі жылға дейін жауып тастаған.

Джасинда Ардерн, Жаңа Зеландия премьер-министрі:

– Ертеңнен бастап кез келген қоғамдық орында бетпердесіз жүруге тыйым салынады. Жасы 12-ден асқан азаматтардың барлығы маска тағып жүруге міндетті. Қорғаныш құралын клиенттер ғана емес, мекеме қызмекерлері де шешпеуі керек.