Бейжіңде қосымша білім беру орталықтарының жұмысы шектелді

Бейжіңде қосымша білім беру орталықтарының жұмысы шектелді

Бейжіңде қосымша білім беру орталықтары енді демалыс, мереке күндері және каникул кезінде сабақ өткізе алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Билік өкілдерінің айтуынша, бұл оқушыларға түсетін ауыртпалықты, және ата-аналар шығынын азайтуға тиіс. «Әрі елдегі бала туу көрсеткішін де көбейтеді», - дейді олар.

Қытайда қосымша білім беру 70 миллиард долларға бағаланатын алпауыт нарық. Жаңа ереже енгізілгеннен кейін осы саладағы ірі компаниялар шығынға батып, акциялары арзандап кетті. Енді репетиторлық орталықтар акционерлерді тарта алмайды. Сонымен қатар келер жылдан бастап тоғызыншы сыныпқа дейінгі оқушылардан ақы алуға тыйым салынады.

Ли И, Бейжің Білім беру департаментінің ресми өкілі:

- Біріншіден, тоғызыншы сыныпқа дейінгі бағдарлама бойынша қосымша білім орталықтарын ашуға арыздар қабылданбайды. Ал қазір жұмыс істейтіндері қайтадан тіркеуден өтуге тиіс. Осы мекемелердегі оқу материалдарының мазмұны және ұстаздарының біліктілігі мұқият бақыланады.

Бұрын ата-аналар баланың қосымша сабағына айына бір жарым мың долларға дейін ақы төлейтін. Енді оның құнын билік реттейтін болды. Қытайда мектепте білім алу үш деңгейде жүргізіледі. Бастауыш 6 сынып, сосын әрқайсысы үш жылдан тұратын орта білімнің екі сатысы бар. Міндетті білім алу жүйесіне кіретін алғашқы екі деңгей тегін. Келесіне өту үшін емтихан тапсыру керек. Бәсеке күшті болғандықтан, негізгі оқуынан бөлек оқушылар бос уақытында қосымша сабаққа баруға мәжбүр.

Цюй Ифань, білім беру саласының сарапшысы:

- Кәмелетке толмағандардың денсаулығын сақтау тұрғысынан оларға демалыс, мереке күндері және каникулда демалу құқығын қайтаруға тиіспіз. Сонда оқу жылында нәтижелері де жақсарар еді. Жаңа ережелер ата-аналарына каникулды да оқуға айналдырмауға еске салып отыр.

Онлайн мектептер шетел ұстаздарын да тарта алмайды. Оқу орталықтары енді жұмысын өзгертіп, жоғары сынып оқушылары мен ересектерді оқытуға баса көңіл бөлуіне тура келеді. Жалпы олар сабақ өткізе алады, бірақ тек жұмыс күндері және тек кешкі сағат тоғызға дейін. Осының салдарынан табысының 60%-інен айырылады. Өйткені оқушылар мұнда негізінен демалыс пен мейрам күндері келетін. Жаңа ережелер мектеп пәндері мен шетел тілдеріне қатысты қабылданды. Спорт, би мен өнер үйірмелері бұрынғыша жұмыс істейді. Осы реформа мақсаттарының бірі бала тууды ынталандыру болып отыр. Отбасы қалтасына түсетін ауыртпалықты азайтып, үкімет халық санын өсіруге үмітті. Алайда бұған наразы ата-аналар да жеткілікті. Өйткені қосымша сабақтар балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Онсыз университке түсу, ал кейін жақсы жұмыс табу қиын. Сондықтан кей сарапшылар білім берудің көлеңкелі нарығы пайда болуы мүмкін екенін ескертеді.

Авторы: Ботагөз Сырғабаева