Аргентинаның орталығында орман өрті 40 үйді күлге айналдырды

Аргентинаның орталығындағы Кордова провинциясында орман өртеніп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тілсіз жау қазірдің өзінде 40 үйді күлге айналдырған. Өрттің өршуіне құрғақ және желді ауа райы себеп. Табиғи апатқа байланысты жергілікті жүздеген тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір аймақта 6 өрт сөндірушілер бригадасы жұмыс істеуде.

Блиц:

- Өрт екінші рет таралып жатыр. Әсіресе, жол бойының өртенгені жаман. Қазірдің өзінде от 500-дей метр аумаққа таралды.

АҚШ-тың Калифорния штаты да 1 айдан бері өрттен көз ашпай отыр. От аймақтағы Гризли Флэтс қаласына қауіп төндіріп тұр. Мұнда үйлердің көбі толығымен жойылған. Бастауыш мектеп пен пошта ғимаратының да орнында тек күлі қалған. Жалпы өңірде электр желілері үзіліп, 51 мың тұрғын жарықсыз отыр. Денесін күйік шалған 2 тұрғын ауруханаға жатқызылды. Аймақтағы бірнеше қаладан шұғыл көшірілген халық саны 11 мың адамға жетті. Олар әзірге уақытша орталықтарға орналастырылған.

Том Хоули, жергілікті тұрғын:

- Осы орманда тұрып келе жатқаныма 20 жылдан асты. Осы уақыт ішінде мәжбүрлі эвакуациямен бірінші рет бетпе-бет келіп отырмын. Үйім тамаша еді. Орнында күлі ғана қалды. Қолдан келер шара жоқ. Енді бейнеттеніп, үйді қайта салатын шығармын.