Кабулдан Алматыға келген БҰҰ өкілдері қашықтан жұмыс істеуге кірісті

Ауғанстаннан кеше түнде Алматыға жеткізілген Бірікен Ұлттар ұйымының жүзден астам өкілі қашықтан жұмыс істеуге кірісіп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық ұйымның қызметкерлері қаладағы қонақ үйлердің біріне орналасқан. БҰҰ-ның арнайы өкілі Ауғанстанға жәрдемдесу миссиясының басшысы Дебора Лайонстың айтуынша, БҰҰ-ның 60 -қа жуық халықаралық қызметкері уақытша кеңсе ашу үшін Алматыда қалады. Қалғандары елдеріне оралады.

Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанда қалған өкілдері азаматтарға гуманитарлық көмек жасауда. Миссия жетекшісі арнайы топ құрылып, гуманитарлық жәрдеммен айналысып жүрген әріптестеріне және Кабул әуежайындағы жағдайды тұрақтандыруға атсалысып жатқан халықаралық қызметкерлерге көмектесетіндерін мәлімдеді.

Дебора Лайонс, БҰҰ арнайы өкілі, ауғанстанға жәрдемдесу миссиясының басшысы:

- Ауғанстанды тастап кету қиын болды. Ұшақ осында бет алғанда көпшілік бізді қуанды деп ойлаған шығар. Бірақ олай емес, бәріміз ауыр ойда болдық. Ұшақта үнсіздік орнады. Ауғанстаннан кеткіміз келмеді. Бірақ қауіпсіз ортада отырып, Кабулда қалған адамдарға бұрынғыдан да көп қолдау көрсететін боламыз.

Елімізге келген халықаралық дипломаттардың барлығы вакцина алған. Кеше Алматыға жеткізіле салысымен тест тапсырды. Қазіргі уақытта олар ПТР нәтижесін күтуде. Дұрыс болса, қалада емін-еркін қозғала алады.