Калифорнияда мәңгілікке құрғақшылық орнауы мүмкін

Өрт әлемді әбігерге салып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Италияда биыл жаз былтырғымен салыстырғанда орман өрті 2 жарым есе көп болған. Материалдық шығын көлемі 1 миллиард еуроға жетті. Жалпы, тілсіз жаудан Италиядан бөлек Жерорта теңізі жағалауындағы басқа елдер де зардап шекті. Калифорния да күйзеліп отыр.

Еуропаны күйзелткен орман өрті Жерорта теңізі жағалауындағы тағы бір ел - Францияға жетті. Бірнеше күннен бері ырық бермеген от бүгінге дейін 7 мың гектар аумақты тып-типыл етті. 2 адам көз жұмған. 30-ға жуығы зардап шекті. Олардың арасында өрт сөндірушілер де бар. Алғашында табиғи қорықты жалын шарпыған еді. Қазір тілсіз жау елді мекендерге жеткен. Сондықтан 10 мың адам үй-жайын тастап, уақытша орталықтарға көшірілді. Мынау - эвакуацияланған тұрғындар. Бір бөлігі ғимарат ішіне жайғастырылған. Енді сыймағандары осылай ашық аспан астында түнеуге мәжбүр.

Василий Бартолетти, жергілікті тұрғын:

- Біз мына уақытша орталыққа дүйсенбі күні келдік. Алғашында дұрыс ұйықтай алмадық. Өйткені төсек болмаған. Біз спортпен айналысуға арналған кілемдерді төсеп, солардың үстінде жаттық.

Грекияда орман өртеніп жатқанына біраз болды. Мамандар бір алқапты сөндірсе, енді бірі жаңадан өртеніп жатыр. Міне енді ел астанасы Афина маңында жаңа от ошағы тіркелді. Тілсіз жау қаладан 60 шақырым жердегі Вилия елді мекеніне жетті. Қазір айнала қызғылт-сары түске боялған.

Лиза, жергілікті тұрғын:

– Біз өрттің ауылға таяп қалғанын білген жоқпыз. Мамандар кейіннен келді. Сондықтан айналамыз өртеніп жатқанда тұрғындар басы ауған жаққа қаша бастады.

Калифорнияда да осындай жағдай. Мамандар аймақтағы тілсіз жауды сөндірген еді. Алайда кеше қатты жел тұрып, жағдай қайтадан өзгеріп шыға елді. Жергілікті энергетикалық компания аухалдың одан бетер ушығуын болдырмау үшін қауіпті аймақтарда электр энергиясын ажыратып тастады. Салдарынан 50 мың үй жарықсыз қалды. Жалпы қазір осы Калифорниядан бөлек, АҚШ-тың басқа штаттары да аптап пен қуаңшылық зардабын тартып отыр. Салдарынан 40 миллион адамды тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған Колорадо өзенінде су деңгейі күрт төмендеп кеткен. Ахуалдың ушығуына байланысты келесі жылдың басынан елдің батысындағы штаттарда cудың берілуі шектеледі. Сарапшылар аномальді ыстық пен құрғақшылықтың себебі жаһандық жылыну екенін айтады. Осы ретте тұрғындар мұнай компанияларын өтемақы төлеуге шақырып отыр. Өйткені бұл кәсіпорындар ауаға көп мөлшерде зиянды заттар бөледі. Мамандар осылай жалғаса беретін болса, болашақта Калифорнияда мәңгі құрғақшылық орнауы мүмкін екенін ескертіп отыр.

Сондай-ақ...