425,73 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Тәліптер мықты экономика мен жақсы дипломатияны қалайды

  • 139
  • UPD: 10:06, 20.08.2021

Тәліптер басқа елдермен жақсы қарым-қатынас орнатуды қалайды және сыртқы күштердің шабуыл жасауына мүмкіндік бермейді. Бұл туралы Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысының ресми өкілі Забинулла Муджахид мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Забинулла Муджахид, «Талибан» қозғалысының ресми өкілі:

– Біз мықты экономиканы, сауда-саттықты, дипломатияны қалаймыз. Бірақ құндылықтарымыздың тиісті деңгейде бағаланғанын да қалаймыз. Соңғы 102 жылдың ішінде біз әлемге үшінші рет біздің ел құлға айналмайтынын көрсетіп отырмыз. Америка, Еуропа және басқа мемлекеттерге қояр талабымыз – бізбен саяси тұрғыда келісімге келсін. Күш қолданғысы келетіндермен мүлде сөйлеспейміз, қолымыздағы қаруды тастамаймыз. Біз кез келген озық технологиядан асып түсеміз.

Ауғанстаннан эвакуациялау жалғасуда. АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті қазір Кабул әуежайында 6 мың адам ұшаққа отыру кезегін күтіп отырғанын алға тартады. Елден кеткісі келетіндердің арасында америкалық, ауған және басқа елдердің азаматтары бар. Шетелге асу мүмкіндігі жоқ шарасыз ата-аналар бауыр еті баласын Кабул әуежайын күзетіп жүрген АҚШ сарбаздарына аманаттап жатыр.

Осы аралықта Германияның Франкфурт әуежайына Ауғанстан азаматтары ұшып келді. Олар мұнда Ташкент арқылы жеткен. Ауған азаматтарының нақты саны хабарланбады.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Тәліптер өзгерді деп ойламаймын. Олар қазір күнкөріс жағына көбірек көп бас қатырып жатыр деп есептеймін. Тәліптер «бізді халықаралық қауымдастық заңды үкімет ретінде мойындай ма» деп бас қатыра қоймас. Олардің қазіргі есіл-дерті – тамақты қалай табамыз, кірісті қайдан кіргіземіз, экономиканы қалай басқарамыз деген сұрақтар. Сосын АҚШ-қа Ауғанстандағы «Талибанға» қарағанда, Сирия және басқа елдердегі «Әл-Каида» ұйымынан қауіп зор. Сондай-ақ Ауғанстандағы әйелдер құқығы үшін күрес «дипломатиялық және халықаралық қысым» арқылы жүруі тиіс.

Хабар 24 телеарнасы