Түркиядағы оқу орындарында ПТР сынамасы міндеттелді

Түркияда жаңа оқу жылынан бастап вакцинаца алмаған барлық мұғалімдер мен мектеп қызметкерлері аптасына кем дегенде екі рет ПТР сынамасын тапсырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Министрлер кабинеті отырысынан кейін ел президенті Режеп Тайып Ердоған осылай мәлімдеме жасады. Айтуынша, елде екпе егу ерікті түрде жүргізіледі. Дегенмен бірқатар қоғамдық жерде ПТР сынамасының теріс нәтижесін көрсету міндетті. Мәселен, концерт, театр және кинотеатрға тек қана вакцинация куәлігін немесе ПТР анықтамасымен кіре аласыз. Басқа қалаларға да тек аталмыш құжаттармен саяхаттауға рұқсат.

Бұдан бөлек екпе салдырмаған жоғары оқу орны студенттері, оқытушылары мен барлық қызметкерлері де теріс ПТР нәтижесін көрсетуге міндетті. Осы топтағы азаматтарға мемлекеттік ауруханаларда ақысыз жасалады.

Айта кеткен жөн, түрік университеттерінде 8 миллионнан астам студент бар.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының президенті:

– Oқушылармен тікелей байланыстағы екпе салдырмаған мұғалімдер мен мектеп қабырғасында жұмыс істейтін барлық қызметкерлерден кемінде аптасына 2 мәрте ПРТ тестін талап етеміз. Олардың қатарында университет студенттері мен қызметкерлері де бар. Концерт, театр мен кинотеатрлар секілді қоғамдық жерлерге кіру үшін де ПТР анықтамасы қажет. Ұшақ пен қалааралық автобустарға міну үшін де коронавирусты жұқтырмағаныңызды дәлелдеуіңіз тиіс.

Туыстас елдегі эпидахуал көңіл көншітерлік емес. Соңғы тәулікте 21 мыңнан астам кісі қауіпті індетті жұқтырып, 165 науқас көз жұмды. Бұл – мамыр айынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Статитистика коменданттық сағат пен саяхат шектеулерін алып тастағаннан кейін нашарлаған.

Естеріңізге сала кетейік, шілде айының басында ковидті күндік жұқтыру дерегі бес мыңнан аспаған.