Сарапшылар: Тәліптердің билігі ұзаққа бармайды

Тәліптер тығырыққа тірелді. Қаруы бар «Талибанның» қаржысы жоқ.

Енді олар әлемдік қауымдастықтан ақша сұрап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал сарапшылар тәліптердің билігі ұзаққа бармайтынын айтады. Ал «Талибанды» террорлық ұйым қатарына қосқан Біріккен ұлттар ұйымы келіссөзге дайын екенін жеткізді.

Ауғанстан көмекке мұқтаж. Ұзаққа созылған соғыстан кейін елді қалпына келтіру керек. Кеше Катарда «Талибан» өкілі China Global Television Network телеарнасына осылай сұхбат берді. Әңгіме барысында Сухайль Шахинь қазір Ауғанстанның әсіресе денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылым салаларына шұғыл көмек қажет екенін айтты. Шахин сондай-ақ америкалықтардың 9,5 миллиард долларға бұғаттап тастаған активтері ауған халқына тиесілі екенін жеткізді. Оның айтуынша, қомақты ақша қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалуы керек.

Сухайль Шахин, «Талибан» қозғалысының Катардағы саяси басқармасының баспасөз хатшысы:

- Ауған халқы өзге елдердің көмегіне мұқтаж. Әлем елдері денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылым салалары бойынша қол ұшын созғанын қалаймыз. Осы бір қиын да күрделі кезеңде әлемнің кез келген мемлекетін елге келуге шақырамыз.

Жалпы тәліптердің айтуынша, «Талибан» өзге елдермен жақсы қарым-қатынас орнатуды көздейді. Сонымен қатар сыртқы күштердің шабуыл жасауына мүмкіндік бермеу де басты мақсаттардың бірі.

Забинулла Муджахид, «Талибан» қозғалысының ресми өкілі:

- Біз мықты экономиканы, сауда-саттықты, дипломатияны қалаймыз. Бірақ құндылықтарымыздың тиісті деңгейде бағаланғанын да қалаймыз. Соңғы 102 жылдың ішінде біз әлемге үшінші рет біздің ел құлға айналмайтынын көрсетіп отырмыз. Америка, Еуропа және басқа мемлекеттерге қояр талабымыз – бізбен саяси тұрғыда келісімге келсін. Күш қолданғысы келетіндермен мүлде сөйлеспейміз, қолымыздағы қаруды тастамаймыз. Біз кез келген озық технологиядан асып түсеміз.

Осы тұста Ауғанстанның жоғары лауазымды шенеуніктері не дейді? Олардың айтуынша, «Талибан» бұрынғы қателіктерін қайталар болса, үкіметте ұзаққа тұрмайды. Тақауда Исламабадта Пәкістан премьер-министрімен және үкіметтің басқа да мүшелерімен кездескен Ауғанстан делегациясы тәліптерге осындай ескерту жасады. «Тәліптердікі тек құрғақ сөз ғана. «Талибанның» расымен де, өзгергеніне көз жеткізу үшін шамалы күту керек», - дейді олар.

Халид Нұр, Ауғанстандағы белгілі саясаткер Атта Мұхаммед Нұрдың ұлы:

- «Талибан» Ауғанстанды күшпен басқара алмайды. Билікті күшпен басып алып, ауған жеріне белгілі бір уақыт иелік етуі мүмкін. Бірақ ол ұзаққа созылмайды. Ауғанстанда тұратын түрлі этностарды, елдің мәдениетін әйелдер мен бала құқығын құрметтесе, түбі жеңіліп, елден қуылады. Қазір «Талибан» не айтса да, ол жай ғана сөз күйінде қалып отыр. Атқарылып жатқан бір іс жоқ. Жалпы өз басым тәліптер өзгерді дегенге сенбеймін. Оған күмәнім бар.

***

БҰҰ тәліптермен келіссөз жүргізуге дайын

Біріккен Ұлттар Ұйымы «Талибанмен» келіссөз жүргізуге дайын. Бүгін өткен баспасөз-мәслихатында ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриш осылай деді. Оның айтуынша, өзі болмаса да, Ауғанстанда жүрген ұйым өкілдері «Талибанмен» тығыз байланыста. Бірақ қажет болса, тәліптермен өзі де тікелей сөйлесуге дайын екенін жеткізді. Бұдан бөлек, Гутерриш Біріккен Ұлттар Ұйымының ауған халқын қолдайтынын және қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Ауғанстандағы өкілдігі жұмысын ары қарай жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.

Антониу Гуттериш, БҰҰ бас хатшысы:

- Кіммен және қандай мақсатпен сөйлесу керектігі анықталған соң тәліптермен жеке сөйлесуге дайынмын. Алдыңгүні, кеше мен Катардың премьер-министрінің орынбасарымен және Сыртқы істер министрімен сөйлестім. Біз Катардың бастамасын қолдаймыз. Ауғанстанда бірлескен үкімет құрылады деп сенемін.

Баспасөз жиынында бас хатшы Кабул әуежайына да тоқталды. Дәлірек айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы Кабул әуежайын басқаруды өз мойнына алады деген қауесетті жоққа шығарды. «Халықаралық әуе айлағының маңыздылығына қарамастан, ол мүмкін емес», - деді ол.