425,75 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Талибан қозғалысы қашан пайда болды және олар кімдер

  • 203
  • UPD: 21:27, 22.08.2021
Талибан қозғалысы қашан пайда болды және олар кімдер RT

Неліктен Талибанның билікке келуі осыншама үрей тудырды? Одан қандай қауіп-қатер төніп тұр?

Талибан қозғалысы 1994 жылы пайда болды. Көсемі молда Омар негізінен тәліптерге, яғни медресе шәкірттеріне сүйеніп, Ауғанстанда таза ислам мемлекетін құруды мақсат етті. Кеңес Одағы қолдаған үкіметке қарсы моджахедтердің 7 қарулы жасағы күрескені белгілі. Алайда жеңіске жеткеннен кейін өзара араздасып, тұрақты билік құра алған жоқ. Тіпті елді бірнеше бөлікке бөліп, әрқайсысы өз бақылауындағы аймақтарда қарудың күшімен өз тәртібін орнатқан. Осындай заңсыздықтың ауыр зардабын тартқан қарапайым халық Талибанды қолдап, ондаған мың адам қатарына қосылды. 1996 жылы қазіргідей Кабулды ұрыссыз басып алып, Ауғанстан ислам әмірлігін жариялады. Шариғат заңын енгізіп, елде қатаң тәртіп орнатты. Ер адамдар сақалын қырмай, әйелдер паранжа киюге тиіс болды. Қыздарға оқуға, жалданып жұмыс істеуге және жалғыз көшеге шығуға тыйым салынды. Бұл ережелерді бұзғандарды қатаң жазалайтын.

Зармина Какар, әйелдер құқықтарын қорғаушы:

– Талибан билікте болған кезде анам маған балмұздақ сатып алу үшін базарға ертіп барған. Кішкентай бала болғаныммен, екі минутқа бетін ашқаны үшін тәліптер оны сабағаны есімде қалды.

Ұрлықта ұсталған адамдардың қолын шауып, көзіне шөп салды деген күдікті әйелдерді халық көзінше өлтіретін. Өзге діннің өкілдері және шейіт, сопылар секілді ағымдарды ұстанатын мұсылмандарды қуғындады. Ислам дініне жат дүние деп жариялап, Бамиан өңірінде ежелгі дәуірден қалған Будда ескерткіштертін жарып жіберді. Елдің басын айналдыратын теледидар, музыка мен киноға тыйым салынды.

Омаид Шарифи, ART LORDS қайрымдылық ұйымның басшысы:

– Өнердің барлық түріне тыйым салынды. Музыка, теледидар, сурет болған жоқ. Жүздеген жыл бұрынғы заманға оралдық.

Осындай қатігез саясат жүргізген билікті Пәкістан, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінен өзге еш мемлекет мойындаған жоқ. Оқшауда қалған Талибан Әл-Каида лаңкестік ұйымының жетекшісі Усама бен Ладенге баспана берді. Бұл ақыры билігінен айырылуға әкелген әрекеті болды. 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-қа жасалған лаңкестік шабуылдан кейін НАТО күштері Талибанға қарсы әскери қимыл бастап, көп ұзамай бүкіл елді басып алды. Алайда тез арада жаулап алса да, толығымен бағындыра алмады. Тәліптер партизандық әдіске көшіп, қарсылығын доғарған жоқ. Әсіресе, ауылды мекенде ықпалы күшті болды. Ал жаңа үкімет те жемқорлыққа батып, қарапайым тұрғындардың тұрмысын жақсартқан жоқ. Жиырма жыл бойы триллиондаған доллар жұмсап, өз нәтижесіне жетпеген Ақ үй әкімшілігіне әскерін елден шығара бастауға тура келді. Көп ұзамай тәліптер Кабулды қайта ұрыссыз басып алды. Бұл халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын туғызды. Әсіресе, көрші елдер Ауғанстан содырлардың апанына айналады деп қауіптенеді. Және бұл негізсіз емес. 1999 жылы осы елде шоғырланған Өзбекстан ислам қозғалысының жасақшылары Тәжікстанның таулы шатқалдары арқылы Қырғызстанның Баткен облысына еніп, ойран салғаны белгілі. Жапон геологтары және мұздықтарды зерттеп жүрген жергілікті мамандар мен туристерді кепілге алған болатын. Қырғызстан билігі сол кезде дәрменсіздіктен Өзбекстанның қарулы күштеріне өз аумағында әскери қимыл жүргізуге рұқсат берді. Сөйтіп содырлардан әрең құтылған болатын.

Дегенмен қазір Талибан басшылығы Ауғанстаннан өзге елдерге қауіп төнбейтінін мәлімдеп отыр.

Забиулла Муджахид, Талибанның ресми өкілі:

– Көршілерімізге және өзге елдерге қарсы әрекет жасауға Ауғанстан жерін қолдануға ешқашанда жол бермейміз.  Сондықтан халықаралық қауымдастық өз міндеттемелерімізді орындайтынымызға сенімді болғанын қалаймыз. 

БҰҰ, Канада, Ресей, Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері Талибанды лаңкестік ұйым ретінде таныған және тыйым салған. Ең қызығы АҚШ пен Еуропалық Одақ оны осындай тізімдеріне қосқан жоқ. Расында, 27 жыл әрекет етіп жүрген Талибан осы мерзімде шет елдерде бір де бір лаңкестік шабуыл жасаған жоқ. Дегенмен өз азаматтарына үлкен қауіп төндіріп тұрған секілді. Әсіресе 20 жылда еркін өмірге үйреніп қалған әйелдердің зәресін ұшырды.

Нилофар, жұмыстан шығарылған мектеп мұғалімі :

– Қасында ер адамы болмаса, әйелге базарға баруға болмайды. Алайда күйеулері қайтыс болған біраз адам бар, көбісінің жасы 20 мен 25 жас аралығында. Арқа сүйер адамы болмаса, енді күнін қалай көреді?

Хосна Джалил, Ауғанстан әйелдер істері жөніндегі министрдің бұрынғы орынбасары:

– Олар әйелдердің негізгі құқықтарын қамтамасыз етеміз дейді. Бірақ сарбаздарын өз қағидаттары үшін соғысуға көндірді ғой. Енді ұзақ жылдар насихаттаған өз құндылықтарынан қалай бас тартады? Сондықтан Талибан әйелдер мен балаларға қатысы саясатын өзгертеді деп сенуге болмайды. 

Бұрынғы билік кезінде шетелдіктермен және үкіметтік мекемелерде жұмыс істеген ауғандар да өз өміріне қауіптеніп отыр. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, АҚШ әскери басшылығы жасаған сенімді тұрғындардың биометриялық дерекқоры тәліптердердің қолына түсіпті. Енді бұл тізіммен үйлерді тінтіп жүрген көрінеді. Талибанның кек алуынан үрейленген мыңдаған адам бас сауғалап жүр. Шекарадағы барлық өткел тәліптердің бақылауында болғандықтан, қоныс аударудың жалғыз жолы – Кабул әуежайы. АҚШ, Ұлыбритания мен өзге елдер осы күнге дейін 20 мыңнан аса адамды шығарып үлгергенімен, кезегі таусылатын түрі жоқ. Жағдайдың әрі қарай қалай құбыларын ешбір сарапшы дөп басып болжай алмайды. 

Хабар 24 телеарнасы