Орталық Азияға тәліптерден келер қауіп бар ма?

Тамыздың 14-і күні ауған әскерилері Өзбекстан шекарасын кесіп өткен еді.

Олар Ауғанстанның солтүстігіндегі Мазари-Шариф қаласындағы тәліптермен болған шайқаста шегінуге мәжбүр болған. Осылайша Ауғанстаннан 84 адам келген. Бірақ өзбекстандық шекарашылар олардың басым бөлігін елдеріне қайтарып жіберді. Түрікменстан шекарадан ешкімді аттап бастырмауға бекінген. Бірақ тәліптермен шекара мәселесіне қатысты келіссөздерді ұдайы жүргізіп келеді. Тәжікстан тарапы Ауғанстанның жаңа билігіне қатысты қандай да бір ұстанымын білдірмеді. Жалпы, діттеген мақсатына жеткен Талибан қозғалысы Орталық Азияға қауіп төндіруі мүмкін бе?

Қытай мен Ауғанстанның арасындағы шекара 90 шақырымға созылған. Сол себепті көрші елдегі жағдайдың тұрақталғаны Қытай үшін аса маңызды. Шілде айының соңында ҚХР-сының сыртқы істер министрі Ван И тәліптердің ниеттерін білмек үшін Ауғанстанға барып, қозғалыстың делегациясымен кездескен еді. Қытай елшілігі Кабулда қызметін жалғастырып жатыр. Алайда өз азаматтарын елден алып кеткен.

Хуа Чуньин, ҚХР СІМ ресми өкілі:

– Ауғанстанда азаматтық соғыс пен гуманитарлық апатты болдырмас үшін билікке келген ұйыммен диалог орнатуға жаһан қауымдастығы бірлесе күш салысуы тиіс. Дәл қазіргі күні бәрімізге ортақ міндет – осы.

Сондай-ақ Қытай тәліптердің лаңкестік ұйымдармен, оның ішінде елде тыйым салынған «Шығыс Түркістан ислам қозғалысымен» ат құйрығын кескенін күтеді. Өзбекстан да Ауғанстандағы жаңа билікке қатысты ұстанымын білдіруге асығар емес. Саясаттанушы Бахтияр Эргашев Талибанның өзінен емес, оларға көмекке келген өзге террористік ұйымдардан сақ болу керек дейді. Олар Ауғанстан аумағында жаңа биліктің арқасында өздерін еркін сезініп, ертең Орталық Азия елдеріне көз тігуі әбден мүмкін. 

Бахтияр Эргашев, «MA’NO» зерттеу бастамалары орталығының директоры:

– Қазір Ауғанстан аумағында Сирия мен Иракта соғысқан террористер жүр. Міне, осылар ертең Орталық Азия елдеріне проблема тудыратын болады. Ал Талибанның өзінде ішкі мәселелер жетерлік. Сондықтан қазір әскери ынтымақтастықты арттырып, түрлі оқу-жаттығу жиындар өткізу қажет. Қазір бұл мәселе өткір тұр.

Тәліптерден бас сауғалаған ауғандардың біразы Өзбекстанға өткен. Мұндағы Термез қаласының маңында шатыр тігіліп, 800-ге жуық босқын уақытша лагерьге орналастырылған. Қытай тарапы босқындар мәселесін БҰҰ-ның жарғысына сай шешетінін жеткізді. Қазір Түрікменстан шекарадағы ұшқан құс, жүгірген аңды да аңдып отыр. Босқындардың бұл елге өтуіне еш мүмкіндік жоқ. Ал Қазақстанның босқындарды қабылдау туралы тараған ақпар жоққа шығарылды.

Ерлан Қарин, халықаралық қатынастар жөніндегі қазақстандық кеңестің төрағасы:

– Ауғанстандағы жағдайдан Қазақстанға тікелей қауіп жоқ. Ал босқындарды біздің елге әкеледі деген жалған ақпарат. Бұл мүмкін емес. Алайда біз жағдайды бақылап отыруымыз керек.

Сонымен Орталық Азияға әзір тәліптерден келер қауіп жоқ. Сарапшылар пікірі осыған саяды. Ауғанстандағы әскери-саяси ахуал, радикалды ағымдардың іс-әрекеті мен босқындар көші – міне, сарапшылар осы үш түйткілді назарда ұстап, елдегі ахуалды жіті бақылаған жөн дейді.