Бельгияда 1 қыркүйектен бастап карантиндік шаралардың күші жойылады

Бельгияда қыркүйектің 1-інен бастап пандемияға байланысты енгізілген негізгі карантиндік шаралар күшін жоймақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған аймақта екпе егу науқанының бір ізге қойылуы себеп. Статистика бойынша әр 10 бельгиялық азаматтың 8-і егілген. Бұл туралы осы елдің премьер-министрі хабарлады. Енді мейрамханалардағы адам саны шектелмейді. Қоғамдық тамақтану орындарының барлығы түнгі сағат 1-ге дейін жұмыс істеу мүмкіндігіне ие. Тек ел астанасындағы ахуал әзірше оңалмағандықтан, ондағы карантин талаптары әлі де күшінде болады. Осыған орай шаһарда халық көп шоғырланатын орындар мен көліктерде маска тағу режимі сақталмақ. Жергілікті билік тұрындарды вакцина салдыруға шақырады.

Айта кетейік, қазір Бельгияда екпе егу науқаны ерікті түрде жүруде. Тек медицина қызметкерлері мен қарттар үйіндегілер  міндетті түрде егілуі тиіс.

Александр де Кро, Бельгия премьер-министрі:

– Медицина қызметкерлері халықтың денсаулығына  жауапкершілікпен қарау керек. Бельгияда әлі күнге дейін вирус жұқтырған науқастар аз да болса тіркеліп жатыр. Бұл жағдай біраз уақыт сақталмақ. Өйткені халық демалыстан орала бастады, оқу жылының басталуына да аз қалды. Десе де вакцинаның әсері болар, өлім-жітім мен ауруханаға түскендердің саны азаюда.