Өзбекстандық өнертапқыш коронавирусты жоятын қондырғы ойлап тапты

Өзбекстандық өнертапқыш коронавирусты жойып жіберетін қондырғы ойлап тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, аппарат COVID-19-дың кез келген штамын бірнеше секундта өлтіре алады. Құрылғыны жасап шығару үшін 1,5 жыл бойы тер төккен.

Арал тағдыры өзбекстандық инженерді де алаңдатады. Олимжон Юсупов қазақстандық әріптестерімен бірге теңіз түбінен тарайтын зиянды заттарды жоятын арнайы қондырғы жасауға кіріскен. Бірақ жоспары пандемия салдарынан тоқтап қалғанын айтады. Одан кейін бар білгенін коронавируспен күреске жұмсап, COVID-19-ды жоятын  арнайы құрылғы жасап шығарған.

Олимжон Юсупов, өнертапқыш:

– Бұл – биогенетик қондырғы. Өзбекстан аумағында кең тараған. Біз бұл аппаратты соңғы 1,5 жылдың ішінде жасап шығарып, бірнеше зертханада сынақтан өткіздік. Коронавирустың кез келген штамын ауа кеңістігінде де, сұйық күйінде де 100 процент жоя алатындай жетістікке жеттік. Бұл қондырғы арнайы электрондар бөледі. Кейін олар вирусты қоршап, РНК-сын жеп қояды.

Қондырғы қауіпті вирус тараған бір емес, бірнеше жерде сыналған екен. Тіпті, коронавирус жұқтырып, ауруханада ем қабылдап жатқан науқастардың палаталарына да қойылған. «Нәтижесінде адамдардың 3 күннің ішінде сауығып кетуіне септігін тигізді», – дейді дәрігерлер.

Мадина Шахмурова, вирусолог-дәрігер:

– Бұл аппаратты біз COVID-19 жұқтырған науқастардың палатасына қойғанбыз. Олар үш күннің ішінде түрлі препараттардың ғана емес, дәл осы қондырғының арқасында ауруынан құлан таза айығып шықты. Оның үстіне биогенетик құрылғысы қойылған зертханаларда қызметкерлердің вирус жұқтыру көрсеткіші де әлдеқайда азайды.

Тың аппарат сол баяғы кварц шамдары немесе ауаны тазалайтын қондырғылар секілді жұмыс істейді. «Бірақ тиімділігі әлдеқайда жоғары», – дейді өнертапқыш. Пайдасына сенген өзбектер қондырғыны көптеген зертханалары мен мекемелеріне орнатқан. Бірақ тың аппарат әлі халықаралық дәрежеде сыналып, дәлелденбеген.

Авторлары: Риат Шони, Санжар Шатуляганов