Қытай мен АҚШ-та су тасқыны тұрғындарды үй-күйсіз қалдырды

Әлемнің бірнеше елінде тасқын әбігер туғызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қытай мен АҚШ-та тасқын жүріп, бірқатар отбасының барар жер, басар тауы қалмаған. Ал Ресейде орман өрті өршіп, елді мекендерге қауіп төндіре бастады. Апаттан есеңгіреген халық енді биліктің көмегін күтіп отыр.

Бұл – Қытайдың Шэньси провинциясындағы Чжэнань қаласы. Төпелеп жауған жауыннан шаһарды су басқан. Тереңдігі тізеден келеді. Апаттан жолдар опырылып, ондаған үй жарықтан ажыратылып қалған. Қазір коммуналды қызмет мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліпп, арнайы техникамен көшелер тазартылуда.

Ал Сычуань провинциясында мыңдаған адам баспанасынан айырылып, 589 гектар егістік алқабы жарамсыз күйге айналған. Ресми орындардың деректері бойынша 2516 адам шұғыл түрде эвакуцияланды. Абырой болғанда, әзірге адам шығыны жоқ.

Мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-та осындай жағдай. «Генри» дауылымен қоса аймақта жаңбыр жауып, көшелер суға толды. Салдарынан бірнеше елді мекенді су басып, мыңдаған үйге зақым келді. Қайтыс болғандар мен із-түзсіз кеткендердің саны анықталуда. Елдің Дауылдарды бақылау ұлттық орталығының мәліметі бойынша 21 миллион америкалық әлі де қауіпті аймақта қалып отыр. Әсіресе, Нью-Йорк және Коннектикут штаттарының тұрғындары.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Су басу салдарынан қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтамын. Бұл барлығымыз үшін үлкен трагедия болып отыр. Көмекке мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге дайынбыз. Бұл дауыл көптеген адамға қауіп төндіріп тұр. Және біз дауылдан зардап шеккен елді мекендерге көмек көрсетуді бастаймыз.

Өз кезегінде Теннесси штатындағы су тасқынынан опат болғандар саны 22-ге жетті. Тағы 40-қа жуық тұрғын ұшты-күйлі жоғалған. Апаттан аймақтағы байланыс желісі үзіліп, көліктер мен ғимараттар қирап қалды. Билік өкілдері су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетеміз дейді. Қазір мамандар тасқыннан келген шығын мөлшерін есептеп жатыр.

Билл Ли, Теннесси штатының губернаторы:

- Аймақта рекордтық мөлшерде жауын түсті. Небәрі 12 сағатта 15 дюйм жаңбыр жауды. Қазір апат салдары мен зардабын жоюға тырысып жатырмыз.

Осы аралықта Ресейдің Самара облысында орман өрті қаулап жатыр. Табиғат апатынан 3 адам зардап шеккен. Мамандар жалынның 5 мың га жасыл желекті тып-типыл еткенін хабарлайды. Тілсіз жау Немчанка мен Коноваловка елді мекеніне жетіп 18 ғимаратты күлге айналдырған. Ал Гвардейцы ауылында ондаған нысан отқа оранған. Өртті мейлінше тезірек сөндіру үшін аймаққа Ми-8 тікұшағы жіберілді. Ал ертең Бе-200 ұшағы қосылмақ.