Ауғанстаннан эвакуация тамыздың соңында аяқталады

Пентагон Ауғанстаннан адамдарды эвакуациялауын тамыздың соңына дейін аяқтау керек. Аймақтан әлі қанша адам шығарылатыны белгісіз. Елдің қорғаныс министрлігі қолдан келгенше көп азаматты шығарады деп уәде етіп отыр. Қазір Кабул әуежайында жиналған жұрттың қарасы қалың. АҚШ билігінің хабарлауынша, тамыздың 14-інен бастап әуежайдан 37 мыңға жуық адам шығарылды.

Джейк Салливан, Ұлттық қауіпсіздік жөнінде АҚШ президентінің кеңесшісі:

- Ауғанстаннан шығарылған 37 мың адамның басым бөлігі ауған жұрты. Арасында американдықтардың саны аз. Қазір қалған азаматтарды эвакуациялауға кірістік.

Тәліптер болса эвакуациялау мерзімін одан әрі ұзартпаймыз дейді. Яғни шетел әскерін тамыздың соңына дейін түгелдей елден шығарсын деген талап қойып отыр. «Талибан» қозғалысының өкілі төлқұжаты мен визасы бар кез келген адам Ауғанстаннан шыға алатынын айтады.

Сухеиль Шахин, «Талибан» қозғалысының өкілі:

- Олар әскер күшін мамырдың 1-іне дейін елден шығарамыз деп уәде еткен еді. Алайда жоспарын орындамады. Енді сарбаздар тамыздың 31-іне дейін шығарылу керек. Бұл мерзім бұзылмайды деп ойлаймын. Егер уәдесінде тұрмаса тиісті шара қолданатын боламыз.

Еске сала кетсек, «Талибан» ұйымына Қазақстандағы Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешімімен тыйым салынған.