425,85 504.32 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Кишиневті қорғаған қазақстандықтар ерлігін Молдова халқы мәңгілік жадында ұстайды

  • 142
  • UPD: 14:29, 24.08.2021

Кишиневті қорғаған қазақстандықтар туралы бірі білсе, бірі білмейді. Бірақ олардың ерлігін Молдова халқы есінен шығармайды. Мұндағы көшелерге қазақ жерінен соғысқа аттанған жауынгерлердің есім берілген. Жеңістің 77 жылдығына орай арнамыздың түсірілім тобы сарбаздарымыз жан беріп, жаудан қорғаған Кишиневке жол тартты. 

Молдова. Кишинев пен Бендер арасындағы Новоанен ауданы. Мұндағы жасыл желекті алқаптарда ұлы отан соғысының ізі қалған. 

Ал мынау Днестр өзені. 1944 жылы сәуірдің 12-сінен 13-іне қараған түні лейтенант Қанаш Қамзин өзеннен өтіп жауға шабады, батырдың артынан ротасы қосылады. Сөйтіп, рота жерді жаудан тартып алып,  Днестрдің оң жағалауындағы плацдармды кеңейтті. Осы даңқты ерлігі үшін Қамзин Кеңес Одағының батыры атанады. Гура-Быкулуй ауылындағы мектепке батырдың есімі беріледі. Орталық көшенің атауы да Қанаш Қамзиннің құрметіне қойылған. Ауылдағылар жауынгердің ерлігін ешқашан ұмытпаған емес.

Михаил Олейник, Гура-Быкулуй ауылының тұрғыны:

- Кто он, знаете?

- Герой Советского Союза.

- А по национальсти он кто был?

-  Казах.

Тағы бір қазақ батырының көзсіз ерлігі тіптен таңқалдырады. Рухты сарбаздың мына әрекеті аңызға айналған.

Валерий Белеревич, «Август» іздестіру жасағының мүшесі:

- Осында бір ДОТ бар, яғни ұзақ қорғаныс нүктесі. Сол жерде жалғыз қазақ тірі қалған еді. Немістердің оқдәрісі таусылып, румындарды сол жерді күзетуге қалдырған. Бір де бір дотты көзден таса қылмай, жою туралы бұйрық беріледі оларға. Бірақ әлгі қазақ бір апта бойы беріспеді. Суы жоқ, оғы жоқ, түгі қалмаған еді. Қараңғы түндердің бірінде тасадан шығып, жалғыз өзі 20 румынды пышақтап, өлтірді. Олардың қаруын алып, ары қарай Берлинге дейін жетті деген ақпарат бар. Осыны растайтын құжаттар бар, бірақ ол батырдың есімін қазір ұмытып тұрмын. 

Абырой болғанда, мұрағаттағы құжаттарда әлгі батырдың есімі сақталған. Талай қағазды ақтарып, парақтаған соң біз оны таптық. Есімі Тәңірберген Қалилаханов, 1916 жылы туған. Соғыстың алғашқы күндері  72-батальонның құрамында Кишинев халқын эвакуациялауға қатысып, жалғыз өзі 20 жаудың көзін құртқан. Шайқастағы ерлігі үшін Қызыл жұлдыз орденімен, Отан соғысы орденімен және Германия мен Кёнигсбергті алғаны үшін марапатталды. Соғыстан кейін туған жері Алматы облысына оралған батырдың дәм-тұзы 2007 жылы, 91 жасында таусылған екен. Арнамыздың түсірілім тобы жаужүрек жауынгердің қорғанған дотасын іздеп көрген еді.

- Асет, смотри, да мы нашли его. Есть тот самый ДОТ!

Ал мына алқапта біздің отряд молдовалық әріптестерімен бірігіп, солдаттардың сүйегін іздеп жатыр. Қазақстандық электролиз зауытының қарапайым жұмысшылары жыл сайын осылай естелік вахтасына кетеді. Бұл жолы батырлардың ізімен Молдоваға келді. Осы көктемде «Август» отряды Ресейдің тарихи-патриоттық отряд мүшелерімен бірге қазақстандық сарбаздың сүйегін тауыпты.

Алексей Петрович, Ресейдің тарихи-патриоттық отрядының  жетекшісі:

- Алты сарбаздың денесі шұңқыр түбінде қалған көрінеді. Бір сарбаздың бойынан портупея, шыны ыдысы мен газет орамасы табылды. Ол дивизияның соғыс газеті еді. Ақырын ғана газетті жайғанымызда гвардия белгішесін көрдік. Ондай белгіше әрбір гвардияшыда болған. Келесі табылған бұйым Озат пулеметші деген төс белгі болды. Міне жауынгердің кім екенін анықтауға бір ілік табылды. Бірақ оның номері болмады. Тағы бір бұйым Сталинградты қорғағаны үшін алған медалі. Бірақ оның да номері жоқ екен. Ең соңғы болып Ерлік үшін медалі шықты. Осы кезде қалпағымызды көкке ата қуандық, өйткені солдаттың кім екенін анықтайтынымызды білдік.

Қолдағы марапат, медальдердің бәрін жинап молдовалық іздеушілер отряды Павлодардағы Майдан жолы іздеу отрядымен байланысады. Осылайша бірлесе күш салып, пулеметші Иван Чередниктің туыстарын табады. Араға бірер ай салып, Қазақстанның Молдовадағы елшілігінің көмегімен, Ұлы жеңіс мерекесінің қарсаңында батырдың сүйегі отанына оралады. Оны Иван Чередниктің туған немересі күтіп алады.

Александр Чередник, И. Чередниктің немересі:

- Все знакомые, все друзья звонили нам / что вы почустовали, когда узнали?/ что и сейчас – гордость. В чувствах раздирает. Это всё-таки дед.

Батыр атасының сүйегін тапқан іздеуші отрядқа Александр Чередниктің айтар алғысы шексіз. Қазақстандық батырларға арналған ескерткіштің ашылу салтанатында Сыртқы істер министрлігі де отряд мүшелеріне  алғыс хат табыстады. Айтпақшы, монумент Шерпен плацдармы мемориалды кешені аумағында бой көтерді.  

Қолда бар мәліметке сәйкес, Кишиневті азат етудегі Яссы-Кишинев ұрысында 13 мың жауынгер оққа ұшты. Арасында қанша қазақстандықтың болғаны беймәлім. Ол маңызды емес те. Олардың бәрі бір Отаны үшін жанын пида еткен батырлар. Олар бейбіт болашақ үшін басын қатерге тігіп, ақыр демі таусылғанша күрескен боздақтар. Сүйектері шашылып жатқан мына алқаптар қанды шайқастардың куәсі. Жаужүрек сарбаздардың бәрін таппай, іздеуші отряд та жай таппаймыз дейді. 

Асхат Ниязов, Асет Саргулов

Хабар 24 телеарнасы