Израиль дәрігерлері «чип ендіреді» деген ақпаратқа сенбеуге шақырды

Израильде коронавирусты жұқтыру жиілеп кеткендіктен, үшінші екпе салу науқанының қарқыны үдей түсті. Дәрігерлердің айтуынша, індетті еңсерудің басқа амалы жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде қайта вакциналау шарасы қалай жүріп жатыр?

Осы жолғы науқан «үйде вакцина ал» деп аталады. Бұл – көпшілікті екпе алуға үгіттейтін кешенді шара. Медицина қызметкерлері жүріп-тұруы шектелген және қарт азаматтардың үйін аралап, коронавирусқа қарсы екпе салады. Шалғайдағы елді мекендерге де барады.

Ницан Горовиц, Израиль денсаулық сақтау министрі:

– Елдің оңтүстігі мен солтүстігіндегі бәдәуи мен арабтар тұратын ауылдарда екпе салу көрсеткіші ең төмен деңгейде. Сондықтан осы елді мекендер үшін жылжымалы вакциналау орталықтары жүйесін құрып жатырмыз. Тұрғындарын алдын ала ескертеміз.

Ең алдымен елдің денсаулық сақтау министрі вакциналаудың үшінші курсынан өтті. «Бустер» деп аталатын бұл екпені қазір 40 жастан асқан кез келген адам алғашқы екі компонентті қабылдаған сәттен 5 ай өткен соң салдыра алады. Елде 65 жастан асқандардың көбі үшінші екпені алып үлгерді. Ешбірінде жанама әсер байқалған жоқ.

Юрий Ранков, Тель-Авив бірінші медициналық орталығының департамент жетекшісі:

– Вакцина салдырған адамдардың басым бөлігінде ауру жеңіл түрде өтеді. Ауруханаға жатпайды және өміріне еш қауіп төнбейді. Сондықтан «чип ендіреді» деген бос сөзге сенбей, көпшілікті екпе салдыруға шақырамыз.

Израиль дәрігерлері індетпен күресудің жалғыз жолы вакциналау деп есептейді. Сондықтан барша ел азаматтарын екпе салдыруға шақырып отыр. Оған қоса маска тағу, әлеуметтік арақашықтық пен тазалық сақтау сынды ережелер әрдайым қаперде жүруі тиіс. Вирусологтардың айтуынша, індеттің екпіні әзірге басылмайды.

Авторы: Сергей Ауслендер