Түркияда коронавируспен жансақтау бөлімінде жатқандар – екпе алмағандар

Түркияда 35 миллионнан астам тұрғын толық вакциналаудан өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – 18 жастан асқан азаматтардың 56 проценті. Мамандардың сөзінше, 6 қыркүйектен кейін елде екпе алу науқаны қарқын алады. Себебі күздің алғашқы аптасынан бастап бірқатар қоғамдық орындарға екпе паспортын көрсету міндетті.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияда коронавирусқа қарсы екпенің үшінші және төртінші дозасы егіле бастады. Pfizer-BioNTech препараты, екі рет Қытайдың CoronaVac вакцинасын салдырған азаматтарға қолданылады. Түрік дәрігерлерінің айтуынша, қытайлық вакцина күшін 3 айдан кейін жояды. Сондықтан қайта салдыруды талап етеді. Ал төртінші мәрте жасалатын екпені алғаш болып медицина қызметкерлері мен 60 жастан асқандар қабылдайды.

Сондай-ақ елде 15 жастан асқандар мен 12 жастан асқан созылмалы ауруы бар адамдар жаппай екпе алу үдерісіне алынады. Түрік билігі 6 қыркүйектен бастап орта білім беру орындары мен университет қызметкерлері және студенттерден вакцина паспортын немесе ПЦР сынамасын талап етеді. Бұдан бөлек, кинотеатр, театр және концерттік бағдарламаларға тек осы құжатпен кіруге рұқсат. Ал өзге қалаға қатынайтын жолаушылар ПЦР нәтижесін көрсетуге міндетті. Бұл сынаманы білім саласы қызметкерлері тегін тапсырады.

Қазір елде 89 миллионнан астам адам екпе салдырды. Оның 46 миллионы бірінші, 35 миллионы екінші компонентке қол жеткізді.

Ал 8 миллионға жуық адам препараттың 3 бірдей дозасын алған. Бір ғана Мұғла провинциясы тұрғындарының 94 проценті иммундаудың толық кезеңінен өтсе, Шанлыурфада халықтың 52 проценті екпе қабылдаған.

Соған қарамастан, елдің Денсаулық сақтау министрі, елдегі эпидахуалға жіті назар аударып, сақтық шараларына бей-жай қарамау керектігін ескертеді.

Айта кетейік, Түркияда коронавирусқа шалдыққандардың тәуліктік көрсеткіші 18 мыңнан асты. Соңғы тәулікте 232 науқас аурудан көз жұмды. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатқандардың басым бөлігі екпесі жоқ азаматтар немесе препараттың тек бірінші дозасын қабылдағандар.

Али Кочар, дәрігер:

- Жансақтау бөлімінде вакцинаны мүлдем алмағандар немесе бір ғана дозаны қабылдағандар жатыр. Ал препараттың қос дозасы бар науқастардың саны өте төмен. Олардың дені – қатерлі ісік, химия терапиясы және орган трансплантациясын жасағандар.

Елде екпе егу үдерісі міндетті емес. Дегенмен бірқатар мекемелер мен кәсіпорындар вакциналау куәлігі жоқ азаматтардың жұмыс орнына кіргізбейді. Мәселен, футбол федерациясы, стадионға куәлікпен немесе тек ПЦР сынамасы барларға ғана рұқсат етеді. Сондай-ақ екпе салдырмаған балықшылар теңізге кіре алмайды.

Сондай-ақ...