Кубада балаларға арналған вакцина сыналып жатыр

Кубада балаларға егілетін коронавирусқа қарсы вакцинаның клиникалық сынағы аяқталуға жақын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы кезеңге 300 бала қатысып жатыр.

Кубада балаларға арналған екпе сынағына 3 жастағы бүлдіршіннен 18 жасқа дейінгі жеткіншек қатысып жатыр. Солардың бірі – 8 жастағы Флавия Лемус. Кішкентай қыз екпе қабылдауды өзі шешкен.

Флавия Лемус, сынаққа қатысушы:

– Мен вакцинаны достарым келешекте екпені алаңдамай алып, коронавируспен ауырмасын деген ниетпен салдыруды шештім.

Мейтер Лемус, Флавияның әкесі:

– Қызымыздың екпенің не екенін түсініп, оны салдыруға келісімін беруін отбасымызбен отырып көп талқыладық. Ол өз әрекеті арқылы басқа балаларға көмектесе алатынын түсініп, қатты толқыды.

Балаларға жергілікті мамандар жасап шығарған «Соберана-2» және «Соберана Плюс» атты екі вакцина салынып жатыр. Оларға 28 күн аралықпен үш доза егу қарастырылған. Дәрігерлер балалардың батылдығы келешекте өзгелердің өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді деген үмітте.  

Ярисель Рикардо, зерттеуді үйлестіруші:

– Вакцина балаларды коронавирустың ауыр түрінен қорғап, олардың дамуын тежейтін кеселдерден сақтайды. Бұл ғалымдар үшін өте маңызды. Аралық нәтижелер вакцинаның қауіпсіз екенін көрсетті.

Куба ғалымдары сынақ қорытындысын өзге елдермен бөлісуге дайын. Жалпы бостандық аралында «Соберана 2» вакцинасын ересектерге салуға рұқсат етілген.

Дәурен Ақашұлы

Сондай-ақ...