Өзбекстандағы президент сайлауы кезінде Ауғанстанда сайлау учаскелері жұмыс істейді

Бұл жөнінде Өзбекстан сыртқы істер министрінің орынбасары Фарход Арзиев мәлімдеді.

Айтуынша, қазір Кабулдегі елшілік пен Мазари-Шарифтегі консулдық жұмыс істеп тұр. Мұндағы өзбекстандықтар осы орталықтарда дауыс бере алады. Жалпы қазан айында өтетін саяси науқанда санитарлық талаптар қатаң сақталады. Атап айтсақ, барлық сайлау учаскелері дауыс беру басталғанға дейін 6 сағат бұрын дезинфекциядан өтуі керек. Комиссия өкілдері мен дауыс берушілер міндетті түрде бетперде киюге тиіс. Естеріңізге сала кетейік, Өзбекстандағы президент сайлауы қазан айының 24-і күні өтеді.

Ботир Курбанов, коронавирусқа қарсы күрес штабының мүшесі:

- Әр сайлау учаскесінде кем дегенде бір медициналық қызметкер кезекшілік етеді. Ол кіреберісте келген адамдардың дене қызуын өлшеп, маска киюін қадағалайды. Егер дауыс берушінің дене қызуы 37 градустан асатын болса, ол жылжымалы жәшіктің көмегімен далада дауыс береді. Ал коронавирус жұқтырып, ем қабылдап жатқан азаматтар үйде немесе емдеу мекемелерінде өздерінің конституциялық құқықтарын пайдалана алады.