Испанияда үш қабатты тұрғын үй құлады, үйінділер астында адамдар бар

Үйінділер астында кем дегенде үш адам бар. Олардың біреуінің нақты қай жерде екені анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Испанияның Валенсия автономды қауымдастығына қарасты Кастельон провинциясының Пенискола муниципалитетінде сәрсенбіде үш қабатты тұрғын үй құлады, үйінділерп астында адамдар бар, деп хабарлайды El Periodico газеті.

Жергілікті өрт сөндіру қызметінің хабарлауынша, үйінді астында кем дегенде үш адам бар. Олардың біреуінің нақты қай жерде екені белгілі, бірақ оны құтқару әлі де мүмкін болмай тұр. Олар тағы екі адамды іздестіріп жатыр – әйел мен оның ұлы.

Ғимарат құлаған кезде көрші үйлерге де зақым келген. Осыған байланысты олардан 30-ға жуық тұрғын эвакуацияланды.

Оқиғаның себебі әлі белгісіз. Үй жақында салынған, жарылыс болмаған. Мамандар толассыз жауын әсер еткен болуы мүмкін дегенді алға тартады.

Оқиға орнында алты өрт сөндіру жасағы, құтқарушылар мен кинологтар жұмыс істейді. Іздестіру-құтқару операциясы жалғасуда.