АҚШ Ауғанстандағы азаматтарына әуежайға уақытша бармауды ескертті

Ауғанстандағы АҚШ елшілігі қауіпсіздікке байланысты өз азаматтарына Кабул әуежайына бармай тұра тұруға кеңес берді. Және әуе айлағындағы 3 қақпадан тез арада кетуді сұраған.

Шара лаңкестік қауіптің күшеюіне байланысты қолға алынған. Ал осы елдің Меммлекеттік департаментінің хабарлауынша, қазір Ауғанстада 1,5 мыңдай америкалық бар. Тағы 4 мыңнан аса азамат эвакуацияланған. Осы елдің Қорғаныс министрлігі болса Ауған жерінен АҚШ әскері шығарылатын мерзімнің соңғы күндері, жауынгерлерді эвакуациялауға басымдық берілетінін айтады.

Джон Кирби, АҚШ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

–Біз адамдарды эвакуациялауды белгіленген мерзімге дейін жалғастыра береміз. Осы мерзімге екі күн қалғанда бұл елден әскерилерді шығаруға басымдық беріледі. Бірақ бұл қарапайым халықты эвакуациялау тоқтап қалады дегенді білдірмейді. Тек қолдағы ресурстың бір бөлігі әскерилерді тасымалдауға арналады.

Ал соңғы ақпарға қарағанда Кабул әуежай маңында тәліптерден қашып, елден кетуді қалаған адамдардың қарасы әлі көп. Әуе айлағы маңында мыңдаған адам түнеп, шама келгенше ішке кіруге тырысып бағуда. АҚШ әскерилерінің мәлімдеуінше қазірге дейін Ауғанстаннан 88 мыңнан аса адам эвакуацияланған. Соңғы бір күнде 90 рейс жүзеге асырылған.

Шоаиб, босқын:

–Мен шетелдік компанияда жұмыс істедім. Сондықтан шетелге паналай тұрайын деген мақсатпен әуежайға келген едім. Бірақ мұнда ағылшын және дари тілінде қақпалар жабық деп жазып қойған. Енді қайда баратынымды, кімнен көмек сұрайтынымды білмеймін.

Сондай-ақ...