Германия Кабулдан адамдарын эвакуациялауын аяқтады

Германия Ауғанстаннан адамдарды эвакуациялауды аяқтады. Кабул әуежайынан шыққан Германия Қорғаныс министрлігінің соңғы 4 ұшағы Ташкент әуежайына жетті.

Халықты эвакуациялауды Венгрия, Нидерланд, Польша, Дания және Польша елдері де аяқтаған. Жалпы неміс әскерилері тәліптер Кабулды басып алғалы Хамид Карзай әуежайы арқылы 5300 адамды көшіріп әкеткен. Олардың 4100-і Ауғанстан азаматы. Ресми Берлин тамыздың 31-інен кейін де ауған жерінен саяси баспана іздеген жандарды көшіруді жалғастыратынын айтады. Бірақ бұл іс азаматтық рейстермен жүзеге асырылмақ.

Хайко Маас, Германия Сыртқы істер министрі:

- Германия Кабулдан адамдарды эвакуациялау бойынша әскери операцияны аяқтады. Бірақ біздің мемлекет қорғауға уәде еткен адамдар қауіпсіз жерге жеткізілмейінше бұл жұмыс жалғаса береді. Сондықтан енді ондағы азаматтарға көмек берудің жаңа кезеңі басталады. 

Кабул әуежайында адамдарды эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Ақпарат құралдары әуе айлағынан ұшақтар ұшып шығып жатқанын айтады. Әуежай маңында да адамдар қайта көбейе бастаған. Ал ресми дерекке сүйенсек, қазірге дейін жалпы Кабул әуежайы арқылы 100 мыңнан аса адам көшірілген. Өткен күні әскерилер тағы мыңдаған шетелдік пен жергілікті азаматты жөнелткен.