Әлем елдері Кабулдағы жарылысты айыптады

Әлем қауымдастығы Ауғанстан астанасындағы жарылысты айыптады. Еуроодақ ауған еліндегі қарулы топтарды атысты тоқтатуға шақырды. Саясаткерлер лаңкестік әркекеттен ең алдымен Ауғанстан халқы жапа шегіп жатқанын айтты. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, содырлардың әрекетін сынға алды. 

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Кабулдағы лаңкестік әрекеттер жан түршіктіреді. Жарылыс кезінде қаза тапқандардың жақындарына және ауған халқына қайғырып көңіл айтамын. Мұндай шабуылдар тоқтатылуы тиіс. 

Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон Ауғанстандағы жағдайды жіті бақылап, барлау қызметтерінің мәліметтерімен үнемі танысып отырғанын жеткізді. Және Корольдік Кабулдан адамдарды эвакуациялауды жалғастыратынын айтты. Қазірге дейін ағылшын әскерилері 13 мыңнан аса адамды алып шыққан. 

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Кабул әуежайы маңындағы лаңкестік әрекеттер адамдарды эвакуациялауды жалғастырудың маңыздылығын көрсетіп отыр. Қазір операция аяқталуға жақын. Бірақ қалған уақытты барынша тиімді пайдалануға күш салуымыз қажет. 

Ал АҚШ әскерилері Ауғанстан астанасында лаңкестік қауіпі әлі сейілмегенін және содырлар тағы шабуылдар ұйымдастыруы мүмкін екенін мәлімдеді. Генерал Кеннет Маккензидің айтуынша, қазір американдық әскерилер Талибан қозғалысының өкілдерімен бірігіп Кабул әуежайы маңындағы қауіпсіздік аймағын ұлғайтуды қарастырып жатыр.

Кеннет Маккензи,АҚШ Қарулы күштері орталық қолбасшылығының басшысы:

- Кабулда жаңа лаңкестік шабуылдар жасау қаупі жоғары. Мұндай әрекеттер кез келген уақытта жүзеге асырылуы мүмкін. Бірақ осыған қарамастан адамдарды әуежайға жеткізіп, эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Шабуыл кезінде де шараны жалғастыру көзделген.