425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Коронавирус: әлемдегі ахуал

  • 131
  • UPD: 20:52, 27.08.2021
Коронавирус: әлемдегі ахуал

Адамзат қатерлі індетті енді құтыламыз деп отырғанда, коронавирустың жаңа штамдары шығып, әлемді қайта әбігерге салды. Қазір әр елдің билігі өзінше қамданып жатыр. Қауіпті алдын алу үшін көптеген шектеулер енгізілді. Бірақ вирус жұқтырғандар саны көбеймесе, азайған жоқ.

Бірқатар елдеде вакцина жеткілікті болса да, екпе салдыру науқаны тежеліп тұр. Әсіресе Кения. Бұл елде Дельта дертін жұқтырып, төсек тартып қалғандар қатары күннен күнге артып барады. Ауруханадағы науқастардың көбейіп кеткені сонша, жансақтау бөлімдерінде бос орын қалмаған. Науқастарға оттегі де жетіспей жатыр.

Малайзияда коронавирус жұқтырғандар тіптен көбейді. Бір тәулікте қауіпті вирус 25 мыңға таяу адамнан анықталды. Оның 900-ге жуығы Куала-Лумпур тұрғыны. Індеттің таралу қарқыны жағынан қазір Малайзия Оңтүстік-Шығыс Азия өңірі бойынша тізімінің басында тұр. Бүгінге дейін бұл елде 1,5 миллион азамат инфекцияға шалдыққан. 

Өз кезегінде Жаңа Зеландия билігі елдегі вирустың таралуын тежеудің барлық амалын жасап жатыр. Эпидемиялық жағдай одан бетер ушығып кетпесі үшін үкімет жалпыұлттық локдаун мерзімін ұзартты. Қазір елдегі мектептер мен кәсіпорындар жабық тұр. Ал халық үйде отыруға мәжбүр. Індет ошағы саналатын Окленд қаласы оқшауланды

Джасинда Ардерн, Жаңа Зеландия Премьер-Министрі:

– Оклендке қатынас шектелді. Мұндай шара Дельта штамының таралуын тежеу үшін қабылданды. Тұрғындар арасында инфекцияға шалдығу деңгейі өршіп тұрғанда, қаланы қайта ашу мүмкін емес.

Австралияның Жаңа оңтүстік Уэльс штатында да қатаң шектеу шаралары қолға алынған. Штат аумағында көлікжүрмейді. тұрғындарға үйден шықпау қажеттігі ескертілді. Тіпті, жергілікті биліктің шешімімен барлық кәсіпорын мен мекемелердің жұмысы тоқтатылды. Бұдан бөлек, Сидней мен Мельбурн қалаларында коменданттық сағат енгізілді.

Глэдис Береджиклян, Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының Премьер-Министрі:

– Вирус жұқтыру деректері аз болған күннің өзінде, уақыт өте олардың саны біртіндеп арта бастайды. Себебі Дельта адамға тез жұғады. Десе де, бізде вакциналау науқаны өте жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Халық та қауіпсіз болу үшін не істеу керегін біледі.

Ресейде кеше ғана 20 мыңдай адам вирус жұқтырған. Бірақ соған қарамастан, Мәскеу облысында бұқаралық іс-шараларға қатысушылар санына қатысты шектеу біршама жеңілдетілді. Енді ғимарат ішінде бір уақытта 100 адамның, ал сыртта 1 мың азаматтың жиналуына рұқсат. Өз кезегінде Петербургте аквапарктер мен аттракциондар ашылып, сауда орталықтарындағы сауық мекемелерінің жұмысы қайта жанданды.

Хабар 24 телеарнасы