Нигерияда үш ай бұрын ұрланған оқушылар босатылды

Нигерияның Тегина қаласында осыдан 3 ай бұрын ұрланған мектеп оқушылары босатылды.

Ассошиейтед пресс хабарлауынша, тұтқында болған 90 бала отбасымен қайта қауышты.

Балалардың ең кішісі 5 жаста. Кей ақпарат көздері 6 баланың мерт болғанын хабарлайды. Бүлдіршіндерді азат ету үшін ата-аналары бар дүниесін сатуға мәжбүр болды. Таяуда елдің оңтүстік батысында қолды болған тағы 15 студент босатылды. Билік өкілдері әлі де ондаған жасөспірім қаскүнемдердің қолында екенін айтады.

Естеріңізге салайық, Нигерияда балаларды ұрлау әрекеті жиі болады. Әдетте мұндай қадамға барған радикалдар жасөспірімдерді босату үшін ақша талап етеді. Өткен жылдың желтоқсанынан бері Нигерияның түкпір-түкпірінен бір мыңнан астам бала ұрланыпты.