Феминистер ауған әйелдерінің құқығын қорғауға кірісті

Феминистер ауған әйелдерінің құқығын қорғауға кірісті

Францияда феминистер Ауғанстандағы әйелдердің құқығын қорғауға кірісті.

Француздардың қолдау акциясы Париж орталығында өтті. Ал жуырда Франция Президенті Эммануэль Макрон Ауған жұртына гуманитарлық көмек көрсету операциясын жүзеге асыру үшін, тәліптермен келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 

Франция Ауғанстаннан 3000 босқынды қабылдады. Кабулдағы эвакуация мерзімінің аяқталуына байланысты Франция астанасы Парижде феминистер Ауғанстандағы әйелдер құқығын қорғау үшін Эйфель мұнарасының алдына жиналды. Шара ұйымдастырушылары Ауғанстаннан шыққан әр азаматқа саяси баспана берілуі керек деген талап қойды. 

Лизия Эльденштайн, белсенді:

–Ауғанстандағы жағдай өте қорқынышты. Қыз-келіншектер мен әйелдердің құқығы тапталып жатыр. Бұған қалайша таң қалмаймыз. Біз Францияда ондаған жылдар бойы нәзік жандылардың құқығы үшін күресіп келеміз. Әрине біздегі ахуал мүлдем басқа. Ал Ауған жерінде әйелдер өмір үшін күресуде.

Карака Сангюль, күрд әйелдер қозғалысының өкілі:

– Бүгін біз Ауғанстандағы бауыларымызды қолдау үшін жиналдық. Олардың өміріне қауіп төніп тұр. Халықаралық көшбасшыларды Ауғанстандағы әйелдер мен балаларға пана беруге шақырамыз.

Ауған жерінде билік ауысқалы ондағы 3 мыңға жуық адам Францияға бас сауғалады. Олардың көбі осы елге қызмет еткен азаматтар. Десе де Франция билігі бұдан былай елден кетуге ниет білдіргендердің барлығын қабылдауға дайын емес екенін білдірді.

Эммануэль Макрон, Франция Президенті:

– Біздің басты мақсатымыз – алдағы уақытта Катармен бірлесе отырып Талибан қозғалысымен келіссөздер жүргізу арқылы эвакуация бойынша операцияларды жалғастыру. Алдын ала құжат берілген азаматтарды ғана  іріктеп шығаратын боламыз. 

Бағдадта іс сапармен жүрген Франция Президенті Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету операциясы бойынша тәліптермен келіссөз жүріп жатқанын айтты. Уағдаластыққа қол жеткізілсе, бірінші кезекте шығармашылық кәсіп иелері, журналистер мен құқық қорғаушылар эвакуацияланбақ.

Жалпы Франция жыл сайын Ауғанстаннан 10 мыңнан астам босқынды қабылдап отырған. Сарапшылар тамыздың 31-і эвакуация мерзімі аяқталса да, ауған жерінен шыққан келімсектердің саны әлі де азаймайды деген болжам жасайды.

Авторлары: Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан