Дипломаттар ядролық сынақ құрбандарын еске алды

Бельгияда жергілікті және қазақстандық дипломаттар ядролық сынақтан қаза тапқан қазақстандықтарды еске алды.

Шара Ипр қаласында өтті.

Айта кетейік, бұл шаһардағы ядролық сынақ құрбандарына арналған ескерткішті Бельгия Корольдігіне 2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тарту ектен. 

Ядролық сынақ құрбандарына арналған ескерткіштің Ипр қаласында бой көтеруі тегін емес. Дәл осы шаһарда 1915 жылы әлемде алғаш рет газ тәріздес жаппай қырып-жою қаруы қолданылған. 2012 жылы Ипр мен Семей

«Әлем шаһарларының әкімдері бейбітшілік үшін» деп аталатын халықаралық ұйымға қабылданды. Сондықтан құрбандарды еске алу шарасы Бельгияның осы қаласында ұйымдастырылды.   

Марғұлан Баймұхан ҚР Бельгия мен Люксембургтегі елшісі, Қазақстанның ЕО пен Нато-дағы өкілдігінің басшысы:

– Семей ядерлік полигонының жабылғанына 30 жыл өткенін, сонымен қатар биыл біз Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақтың құрылғанына 15 жыл толғанын атап өтпекпіз. Бұндай шаралардың маңызы мен мағынасы ерекше. Бельгияның әр тұрғыны мен Еуропа мемлекеттерінің әр азаматы ядерлік қарудың және ядерлік полигондардың адамның өмірі мен денсаулығына қаншалықты қауіпті екенін жете түсінсе деймін. 

Бельгиялықтар Қазақстанның ядролық қарусыздану жөніндегі халықаралық бастамаларынан хабардар. Ипр қаласының вице-мэрі Филип Боль еліміздің жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтаға қосқан үлесін жоғары бағалады.   

Филип Боль, Ипр қаласының вице-мэрі:

– Бұл шара Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде қираған Ипр қаласы үшін өте маңызды. Шаһарды әлі күнге дейін қалпына келтіріп жатырмыз. Біз соғыстың ауыр зардабын түсініп, бейбіт өмір үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. 

Тим Ванденпут, «Бельгия-Қазақстан» парламентаралық топтың басшысы:

– Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс шешім қабылдады. Ядролық зымыран – өткен ғасырдың ескі қаруы. Ол жер бетінен толығымен жойылу керек. Ол үшін ғасырлар бойы күтудің қажеті жоқ. Алдағы онжылдықтарда бұл мақсатқа қол жеткізуге болады.

Шараға қатысушыларға «The Atom Project» атты қазақстандық деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ Семейдегі ядролық сынақ құрбандарына арналған көрме ұйымдастырылды.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов