Грузия пандемияның төртінші толқынымен күресуде

Грузияда коронавирустан көз жұмғандардың саны күн өткен айын артып барады.

Егер пандемия басталғалы елде 7 мың адам осы індеттен көз жұмса, оның 2 мыңға жуығы тамыз айында жан тапсырды. Мамандар бір тәулікте 70-тен астам өлім тіркеледі деп дабыл қағады. Мәселен бұл шағын ғана мемлекет үшін, өте үлкен көрсеткіш. Тағы шамамен 4 мыңға жуық науқас бір күннің ішінде анықталып жатыр. Дәрігерлердің пайымдауынша алдағы екі апта, қиын кезең болуы мүмкін. Сондықтан билік, халықтың вакцина қабылдауына бар күшін салуда.

Грузия коронавирус ауруының төртінші толқынымен күресуде. Анықталған науқастардың арасында кәрі де, жасы да, тіпті балалар да бар. Өлім-жітім көрсеткіші жаз басталғалы 3 есеге артқан. Қазір мамандар әсіресе ауру жұқтырған жүкті әйелдерге алаңдаулы. Олардың арасында да дерттен көз жұмғандар тіркеліп жатыр.  

Амиран Гамкрелидзе, Ауруды бақылау ұлттық орталығының басшысы:

– Аурудың алдын алу үшін жүкті әйелдерге вакцина салдыру керек. мамандарымыз болашақ аналардың денсаулығын жіті қадағалап отыр. Егер қателеспесем, соңғы екі жылда 13 жүкті әйел коронавирустан көз жұмды.

Тбилисидегі ауруханаларда коронавируске шалдыққандар үшін бос орын қалмады. Науқастарды дала госпиталіне орналастырып жатыр. Бүгінде ел тұрғындарының 11 проценті ғана егілген. Енді жергілікті билік вакциналау науқанын жеделдету үшін мобильді екпе егу жобасын қолға алды.

Екатерина Тикарадзе, Грузияның денсаулық сақтау министрі:

– Бүгін біз жаңа жобаны іске асырдық. Енді бағдарлық автобустарда екпе егу орталықтары жұмыс істейді. Бұл халықаралық жоба. Бұндай тәжірибе Еуропада қолға алынған. Шара әзірше үш ауданда өтіп жатыр. Онда 3 автобус тартылған. Болашақта мобильді көліктердің санын 10-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Автобуста барлық жағдай жасалынған. Тұрғындар қалаған вакцинасын таңдай алады.

Бүгінде Грузияда 55 мың адам коронаиврус індетіне шалдыққан. Оның 1,5 мыңы ауыр халде жатыр. 400 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Науқастардың ең көбі Тбилиси мен Аджарияда анықталды. Эпидемиолог мамандары алдағы екі апта оңай болмайды деп топшылайды.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили