Байден «Ирак пен Левант» лаңкестік тобына тағы да соққы берілетінін ескертті

АҚШ мемлекеттік департаменті Кабул әужайына тағы да лаңкестік шабуыл жасалуы мүмкін деп ескертті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы қауіпке байланысты адамдарды әуежай аумағынан аулақ жүруге шақырды. Ал АҚШ әскерінің бұл елден кетуіне екі күн ғана уақыт қалды. Өзге елдердің көбі өз азаматтарын эвакуациялауды аяқтаған.

АҚШ президенті Джо Байден Кабул әуежайындағы жағдай әлі де қауіпті екенін мәлімдеді. Ол Ақ үй сайтында әскери басшылық алдағы 24 сағат немес 36 сағат ішінде шабуыл жасалатынын хабарлады деп жазған.

Уильям Тейлор, аймақтық операциялар бойынша бірлескен штаб директорының орынбасары:

- Қарулы күштерімізге және эвакуациялау операциясына қауіп-қатер бар. Кабулдағы миссиямыз аяқталып келеді. Әлемнің түкпір-түкпірінде және АҚШ-тағы мыңдаған жауынгеріміз маңызы зор осы тапсырманы орындауға бар күшін салып жатыр.

Джо Байден «Ирак пен Левант» лаңкестік тобына тағы да соққы берілетінін ескертті. Еске сала кетсек, АҚШ әскерінің пилотсыз ұшақтары әуеден жасаған соққысынан «Ирак пен Левант» лаңкестік тобының Ауғанстандағы екі қолбасшысы қаза тауып, біреу жараланған болатын.

Джон Кирби, АҚШ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Олар ­ лаңкестік топтың жоспарлаушы әрі үйлестірушілері. Осы екі адамның көзін жойғанымыз Ауғанстан халқы үшін де, әуежайдағы әскеріміз үшін де жақсы. Бұл миссиямызды айдың соңына дейін аяқтаймыз. Мерзімі өзгерген жоқ.

Ұлыбритания барлық жауынгерін алып кетті

Қазір көптеген ел Кабулдағы эвакуациялау жұмыстарын аяқтады. Ұлыбритания Ауғанстаннан барлық жауынгерін алып кеткенін жариялады. Кейінгі екі аптада бұл елдің ұшақтары 14 мыңнан аса адамды тасымалдаған. Алайда қорғаныс министрі Бен Уоллес британиялықтармен бірге жұмыс істеген бір мың бір жүздей Ауғанстан азаматы елде қалғанын мәлімдеді. Олардың Ұлыбританияға келуге құқы бар.

Ник Картер, Ұлыбритания қорғаныс штабының бастығы:

- Осыншама көп адамды эвакуациялау бойынша үлкен жұмыс атқардық. Бірақ барлығын шығара алмағанымыз жанға ауыр батты. Осы елмен ұзақ қарым-қатынасымыз кезінде араласқан ауған азматтарынан жеке өзіме бір жүзден аса хабарлама келді. Осы достарымның көбісі елден кете алған жоқ. Ұлыбритания осы адамдарды қабылдауын жалғастырады. Үкіметіміз бұл туралы нақты мәлімдеме жасады. Келе алса, біз оларды құшақ жайып қарсы аламыз.

Елден кету жолын іздеп жатыр

АҚШ-тың эвакуациясының аяқталуына бірер күн ғана қалды. Енді олардан қайран болмасын сезген халық құрлықтағы шекараларға ұмтылған. Ғарыштан түсірілген бейнежазбалардан бұған дейін Кабул әуежайы маңында қаптап жүрген адамның сирегенін көруге болады. Сол маңдағы жолдар да босаған. Есесіне Пәкістанмен арадағы шекарада адам көбейді. Бірақ мұнда тек қысқа мерзімге емделуге жазылған және Пәкістанда тұруға рұқсаты бар адамдар ғана өте алады. Ал ондай құжаты жоқтар контрабандистерге ақша беріп, шекараны заңсыз кесіп өтуге дайын. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, ресми тіркелген екі миллион ауған босқындарының қатары жылдың аяғына дейін тағы да 500 мыңға артатын түрі бар.

Сондай-ақ...