Ж.Жабаевтың жырлары қырғыз тілінде жарық көрді

Жыр алыбы Жамбылдың жыр жинағы Бішкекте қырғыз тілінде басылып шықты.

Бүгін осыған орай қырғыз елінің астанасында қазақ ақынының шығармашылығын зерттеушы мамандар мен оқырман жұрт бас қосты. Әдеби оқулар Жамбыл Жабаевтың 175-жылдығына орайластырылған.

Қазақ пен қырғыздың көрнекті мәдени қайраткерлері өз кездесуін ғылыми конференция түрінде өткізді. Олардың айтуынша, «ақынның өлеңдері – айналадағы тұрмыс-тіршілікті бейнелеудің шынайы үлгісі».

Салтанат Жамбылова, Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейінің директоры:

– Жамбыл атамыз 20-жылдары осы қырғыз елінде бір тойда болған екен. Сонда бұл кісілерді айтыстырмақ болған. Бірақ сол кезде Жамбыл атамыз «біз енді бауырдай болып кеткен адамдармыз, біз айтыспаймыз, айтысқаннан кейін жер-жебірімізге жетеміз, біз олай арамызды ашқымыз келмейді» деп екеуі сол жерде былай тек жақсы тарасқан екен дейді.

Кітапқа ғасыр жасаған ақынның өлеңдері енгізілген. Жинақ сонысымен құнды. Тұтас дәуірдің үні естіледі. Сондай-ақ, жинақта Жамбылдың қырғыз ағайындарға арнаған туындылары да бар. Бір мың дана таралыммен шыққан кітаптың басылымын Қазақстан қаржыландырды. Кітаптар көрші елдің оқырман қауымына Қырғыз Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай табысталды.

Топчубек Тургуналиев, Манас Пен Шыңғыс Айтматов академиясының Президенті:

–Жамбыл ата зор мұра қалдырды. Жастар мен балаларды тәрбиелеу, тәуелсіздік, қазақ пен қырғыздың ұлы рухани мәдениеті жөніндегі идеялар ұлы атамыздың бүкіл шығармшалығында баяндалып келеді.

Жамбыл Жабаев тарихта суырыпсалма ақын, тыңнан сөз қозғайтын шешендігімен танымал. Ол халық ауыз әдебиетін кейінгіге жеткізе білді. Оның жыр атасы атануы да осыған байланысты. Ең бастысы ақынынң өршіл жырлары елдің рухын көтерді. Ақының 175 жылдығына арналған мерекелік концертке келген жұрт осыған көз жеткізді.

Авторы: Бақыт Чермашев