АҚШ: 20 жылға созылған соғыс аяқталды

Кабулдан АҚШ-тың соңғы ұшағы ұшып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша америкалықтарды Ауғанстаннан көшіру ісі аяқталды. Сонымен бірге Құрама Штаттардың 20 жылға созылған миссиясы да соңына жетті. Бұл туралы Пентагон өкілі, генерал Кеннет Маккензи мәлімдеді. Оның айтуынша, америкалықтар Ауғанстанда қалған 26 әскери көлік пен 73 ұшақты қайта жөнделмейтіндей етіп, істен шығарған. Кабулдағы халықаралық әуежай «Талибан» қозғалысының толық бақылауына өтті.

Естеріңізге сала кетейік, тәліптер билікке келгеннен кейін Кабулдан 122 мыңнан астам адам, оның ішінше 6 мыңға жуық америкалық азамат көшірілді.

Кеннет Маккензи, АҚШ орталық қолбасшылығының басшысы:

- АҚШ-тың барлық сарбазы Ауғанстаннан кетті. Осылайша Ауғанстандағы әскери миссияның толық аяқталғанын хабарлаймыз. Кабул әуежайындағы зымыранға қарсы қауіпсіздік жүйесін соңғы сәтке дейін жұмыс істеп тұрды. Біз бұл техникалық құрал-жабдықты әкетуге уақыт жұмсамадық. Бірақ толық істен шығарып кеттік.

АҚШ дронмен жасалған шабуылды тергейді

АҚШ Кабулда америкалық дронмен жасалған шабуылдан бір отбасының 10 мүшесі қаза тапқан қайғылы оқиғаны тергейтінін мәлімдеді. Негізі оқ көлікте отырған «ДАИШ» лаңкестік тобына тиесілі жанкештіні өлтіруге бағытталған. Алайда үйдің ауласына түскен зымыран бейбіт тұрғындарды қырып салды. Арасында 6 бала бар. Ең кішісі 2, үлкені 12 жаста. Құрбандардың кейбірінде АҚШ-қа баратын виза болған, эвакуацияны күтіп жүрген.