Израильде вакцинаның үшінші дозасын алғандарға барлық шектеу алынады

Израильде бүгіннен бастап COVID-19-ға қарсы екпенің үшінші дозасын алғандарға барлық эпидемиологиялық шектеу алынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан былай шетелден ұшып келген азаматтар екі апта карантинде жатуы міндетті емес. Жалпы бұл елде үшінші компонентті салу науқаны қарқынды жүріп жатыр, оны қазірдің өзінде халықтың 25 проценті алып үлгерген.

Израильде үшінші дозаны алғандарға толық кеңшілік жасалып жатыр. Бұл санатқа кемінде 5 ай бұрын коронавирусқа қарсы вакцинаның 2 компонентін салдырған немесе ковидпен қайтадан ауырғандар жатады.

Ницан Горовиц, Израильдің денсаулық сақтау министрі:

– Енді үшінші дозаны салдырған израильдіктер «қызғылт сары» немесе «сары» деңгейлі тізімдегі елдерден келген кезде 2 апта карантинде жатпайды. Олар тек 24 сағатқа оқшауланады немесе ПТР-тест тапсырады. Ол теріс нәтижесін көрсетсе, онда ел ішінде емін-еркін жүре алады.

«Сары» елдер анағұрлым қауіпсіз, ал «қызғылт сары» мемлекеттерде жұқтыру деңгейі жоғары, бірақ аса қатерлі емес. «Қызыл» тізімдегі елдерге кіруге тыйым салынған, ондай жағдайда қылмыстық іс қозғалады және үлкен көлемде айыппұл салынады. Сондықтан карантин алынғаны туралы жаңалық әуе билеттерінің онлайн саудасының 2 жарым есе артуына сеп болды

Ницан Горовиц, Израильдің денсаулық сақтау министрі:

- Үшінші дозаны алатын адамдар тізімін кеңейту туралы шешімге келдік. Енді бұл компонентті 12 жастағы балаларға дейін салдыра алады.

Үшінші дозаны салдыру ісі қазірден жемісін бере бастаған. Жұқтыру деңгейі қатты төмендемесе де, қалыпты деңгейге жетіп, ауыр науқастар саны азайған.

Ернат Мелсұлы, Сергей Ауслендер

Сондай-ақ...