Мексикада «Нора» дауылынан көп мекенді су басуда

Мексиканың орталық батысындағы штаттар «Нора» дауылының салдарымен күресіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Табиғат апатынан әсіресе, Халсико аймағы қатты зардап шеккен. Дауыл кезінде селдетіп жауған жаңбырдан көп ауданды су басып, тасқын мен лай көшкіндері жүрген. Өзендер тасып, көпірлер қираған. Электр энергиясы жүйесі бүлініп, халықты таза сумен қамтамасыз ету қиындаған. Пуэрто-Вальярта қаласында тасқыннан шағын қонақ үй құлап, бір жасөспірім бала қайтыс болған. Тағы 7 кісі із-түзсіз жоғалып кеткен. Тасқыннан кей мекендерден жүздеген жұрғын эвакуацияланған. Ал ауа райын болжаушылар алда тағы жауын жауады деп ескертіп отыр.