Германияда электромобильдер сатылымы дизель көліктерінен асып кетті

Германияда көлік жүргізушілер электромобильдерді жиі таңдайтын болды.

Биыл жарты жылда осындай көліктер алғаш рет дизельден гөрі көп сатылды. Аутобильд басылымының ақпаратынша, бұл көліктің түріне сұраныс 22%-ке өсті. Сарапшылардың айтуынша, мұның бірнеше себебі бар. Берлин, Гамбург және Штутгарт секілді ірі қалалардың орталығында тек экологиялық таза көліктерді кіргізетін болды. Сондай-ақ электромобиль сатып алған адамдарға 9 мың еуроға дейін сыйақы төленеді. Билік бұл шараның мерзімін 2025 жылға дейін ұзартуды шешті.

Бүгінде Германияда бір миллион электр және гибрид көлігі бар. Алайда үкімет осы көрсеткішке өткен жылы жетуді көздеген болатын. Жергілікті экологтардың бұған көңілі толмай отыр.

Маттиас Вальтер, Deutsche Umwelthilfe ұйымының баспасөз хатшысы:

– Үкімет электомобильдер санын бір миллионға жеткізу мақсатын қойған. Бірақ бұл жоспарын орындаған жоқ деп санаймыз. Өйткені оның жартысы ғана таза электр қуатымен жүреді. Қалғаны гибрид көліктер. Олар құжаттарында көрсетілгенінен 8 есе көп зиян келтіреді. Соңғы зерттеулер осындай қорытындыға келді. Үкімет шара қабылдап, қазірдің өзінде іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктердің саудасын шектей бастауы керек.