Украинадан жүзден астам соғыс жауынгерінің сүйегі табылды

Украина мен қазақстандық із кесушілер Харьков облысынан жүзден астам жауынгердің сүйегін тапты. 1942 жылы осы аймақта қанды қақтығыс болған бұл жерде 106-Ақмола атты әскер дивизиясының сарбаздары ерлікпен қаза тапқан.

Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы жылында қазақ жерінен 1 млн 200 мың адам қан майданға аттаныпты. Оның жартысына жуығы Украина жерін азат етуге қатысты. 1942 жылдың мамыр айында Украинаның Харьков өңірі «Балаклей» ауданында кеңес әскерлері өте ауыр соққыны бастан кешеді. Дәл осы аймақтағы «Лозовенька», «Степок» және «Қызыл Балка» ауылдарында олар қарша жауған оқтың ортасында қалып, қан майданда аяусыз қырылады. Оның ішінде 106-Ақмола атты әскер дивизиясы ерлікпен қаза табады. Екі аптаға жуық Қазақстанның іздеу экспедициясы украиналық әріптестерімен бірігіп, аяулы боздақтардың сүйегін анықтауды тынбай жалғастырды.

Майдан Құсайынов, «Мемориалды аймақ» іздеу жасағының командирі:

- Іздеу жұмыстары кезінде біз ауқымды жұмыстың бір ғана бөлігін қамтыдық. Негізгі жұмыстың өзегіне әлі жеткен жоқпыз. 350 солдат емес, бұл жерде он мыңдаған адамның сүйегі жатыр. Солардың жеке заттарынан бастап, кім екенін анықтауымыз қажет. Жақын болашақта біз украиналық әріптестерімізбен бірігіп, мемориалдық аймақ құрғымыз келеді.

Украина мен Қазақстанның іздеу топтары 116 офицер мен солдаттың сүйегін анықтаған, алайда олардың аты-жөндері әлі белгісіз. Жалпы іздеу жұмыстарын осы өңірде бес жылдам астам бойы жүргізіп келе жатқан украиндық әріптестер 500-ге жуық әскердің қаңқасын қазып алған екен.

Сондықтан Қазақстаннан арнайы келген іздеу топтың өкілдері біріккен экспедициядан көп тәжірибе және білім жинадық деп бөліседі.

Еркінбек Абдуллин, «Көкше іздеу» әскери-патриоттық іздеу клубының жетекшісі:

- Әсіресе фиксация. Фиксация артефактов дейді табылған. Оны Ресей де олай жасамайды. Ал Украинаның методикасы дұрыс деп санаймын. Неге десеңіз, әрбір адамға таңба қояды. Бірінші номер, екінші номер. Оны сосын үстінен қағазға түсіреді. Және оны сосын өздерінің методикасына жалғастырып, оны жаңартады. Қалай және қай жерде жатты, батысқа ма, шығыс па, оңтүстік әлде солтүстік указатель дейді соларды қойып, соны фиксация дейді. Мен өте риза болдым соны көргеніме.

Қазақстанның Украинадағы Елшілігі «Мемориалды аймақ» іздеу жасағының командирі «Көкше іздеу» әскери-патриоттық іздеу клубының жетекшісі және «Народная память» жалпы украиналық қоғамдық бірлестіктің басшысы Ярослов Жилкинға алғыс жариялады. Өз кезегінде тараптар іздеу жұмыстарын тоқтатпай, керісінше оны кеңейтіп, бірлесе күш жұмсауға уағдаласты. 

Аида Қыдырбай, Петр Борейко