АҚШ-та мұғалімдер мен оқушыларға вакцина салу басталды

Әлемде білім беру мекемелері біртіндеп қалыпты тіршілігіне орала бастады. Мектептер қайта ашылып, оқушылар партаға отырып жатыр. Десе де, дәстүрлі оқу форматына көшуге қатысты талаптар жоқ емес.

Екпе ал да сабаққа қатыс. Лос-Анджелес мектептері дәстүрлі оқу форматына көшуі үшін мұғалімдер мен оқушыларға жаппай вакцина салына бастады. Бәріне Пфайзер препараты егілуде. Осылайша Калифорния штаты мектеп қызметкерлерін вакцина қабылдауға міндеттеген алғашқы өңір атанып отыр.

Кевин Вега, оқушы:

- Екпе алу мен үшін өте маңызды. Себебі жанымдағылар вирус жұқтырып алса да мектепке бара аламын.

Ал мексикалық ата-аналар демалыс күндері мектепке керекті құрал-жабдықтарды іздеп, дүкенге ағылды. Себебі бір жарым жылдық үзілістен кейін балалары қайтадан мектепке баратын болды. Көбінің қуанышында шек жоқ.

Фабиола Луна, Мехико тұрғыны:

- Қызым мектепке оралатын болды. Қуаныштымын. Себебі қайтадан сыныптастарымен көрісіп, әңгімелесе алады. 

Ал Израильде дельта дертіне шалдыққандардың көбейіп кетуіне қарамастан 2 миллионнан астам оқушы қайтадан партаға отырды. Мәселен, кеше қауіпті инфекция 11 мыңдай адамнан анықталды. Бұл бір күндік рекорд, дейді мамандар. Осыған байланысты ел үкіметі вакцина алмаған білім саласы қызметкерлері аптасына екі рет ПТР тестілеуден өтуі керек деген шешім қабылдады.

Ури Перельман, мектеп директоры:

- Мұндай жағдайда өмір сүріп келе жатқанымызға 18 ай болды. Әбден үйреніп қалдық десек те болады. Қазір бұл біз үшін қалыпты жағдай. Алда не болса еңсеріп шыға аламыз.

Үндістанда да осындай жағдай. Коронавирус жұқтыру деректерінің артып жатқанына қарамастан елдегі білім беру мекемелері қайта ашылып жатыр. Ел билігінің қаулысына сәйкес, бүгіннен бастап 6 штатта мектептер мен колледждер оқушыларға дәстүрлі форматта сабақ береді. Бірақ қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс. Мәселен, Нью-Делиде сыныптағы бала саны 50 проценттен аспауы керек. Ғимаратта үнемі дезинфекция жүргізіліп тұруы қажет.