Тәліптер үкіметінің жаңа басшысының аты аталды

«Талибан» жаңа үкіметтің көшбасшысын атады. Тәліптер ұйымының Мәдениет комитеті мүшесінің мәлімдеуінше, Ауғанстанды Хайбатулла Ахундзада басқарады.

Әзірге жаңа үкіметтің құрамы ресми жарияланған жоқ, бірақ бұл мәселе әбден талқыға салынып, көшбасшы ретінде Ахундзаданың есімі таяуда жария етілмек. Қазірдің өзінде тәліптер Денсаулық сақтау, Орталық банк және Білім министрлігінің жетекшілерін тағайындаған.

Айта кетейік, Ахундзада «Талибанды» 2016 жылдан бері басқарып келеді. Ол Ауғанстанның тумасы, КСРО-мен соғыс басталғанда Ахундзада Пәкістанға қашқан. Біріккен Ұлттар Ұйымы болса Ауғанстандағы гуманитарлық жағдайдың ушығып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда.

Рамиз Алакбаров, БҰҰ Ауғанстанға көмек беру миссиясының үйлестірушісі:

- Ауған балаларының жартысынан көбі тамақты қайдан аларын мүлде білмейді. Кеше біз Мазари-Шариф қаласына 37 тонна медицина заттары тиелген алғашқы ұшақты қондырдық. Бұл көмек 20-дан астам медицина мекемесіне таратылады, 200 мың адамға дәрігерлік жәрдем көрсетуге жетеді деп ойлаймын. Сондай-ақ 600 тонна азық-түлік жеткіздік. Қыркүйектің аяғына қарай Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасының қоры таусылады. Бізге 200 миллион доллар қажет.