Еуроодақ босқын ауғандардың Ауғанстанмен көршілес елдерге баруын қалап отыр

Еуроодақ Ауғанстаннан заңсыз босқындардың келуіне жол бермейді. Брюссельде өткен төтенше мәжілісте Еуроодаққа мүше елдердің ішкі істер министрлері осындай шешім қабылдады.

Еске салып кетсек, таяуда БҰҰ босқындар істері жөнінде Жоғарғы комиссар басқармасы жыл соңына дейін Ауғанстаннан жарты миллиондай адам кетуі мүмкін деп ескерткен. Еуроодаққа мүше елдердің ішкі істер министрлері арасында бұл мәселе бойынша көзқарасында қарама-қайшылық туындады. Алғашында Еурокомиссия барлық мүше елдерге ауған босқындарын қабылдау бойынша квота алуды ұсынған болатын. Алайда оларды Ауғанстамен көрші елдерде орналастырып, осы елдерге қаржылай көмек беру мүмкіндігі қарастырылды.

Илва Йоханссон, ЕО Ішкі істер жөнінде комиссары:

- Гуманитарлық пен миграциялық дағдарысты болдырмай, қауіпсіздігімізге қатер төндірмеуіміз керек. Көптеген ауғандар көрші елдерге кете бастайтынына дайындалуымыз қажет. Сол елдермен бірлесіп мұқтаж жандарға қандай қолдау керектігін анықтауға тиіспіз. Бұл ауғандарға тікелей көмек немесе осал топтарды көшірту болуы мүмкін.

Карл Нехаммер, Австрия ішкі істер министрі:

- Қазіргі тұста ең маңыздысы - елде қала беріңдер, сонда тұратын адамдарға көмек беру үшін аймаққа қолдау көрсетеміз деп Ауғанстанға дұрыс белгі беру.