423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Париждің орталығына жеке көліктер кіргізілмеуі мүмкін

  • 87
  • UPD: 14:05, 02.09.2021

Жуық арада Париждың орталық аудандарына жекеменшік көліктер кіргізілмеуі мүмкін. Қазірдің өзінде зауыттан шыққанына 24 жылдан асқан автокөліктер қалада еркін жүре алмайды. Бұдан бөлек мұндағы жүргізушілер тағы бір шектеуге тап болды. Енді олар он шақты даңғылдан басқа барлық көшеде жылдамдықты сағатына 30 шақырымнан асырмауға міндеттелді.

Париж жүргізушілері енді көздеген жеріне жету үшін көбірек уақыт жұмсайды. Оған жеке меншік көліктердің қозғалысына қойылған бірнеше шектеу себеп болды. Осыған байланысты такси бағасы қымбаттауы мүмкін.  

Көлік компаниясында жүргізуші қызметін атқаратын Мураз Сардар таңғы төрттен түскі он екіге дейін жұмыс істейді. Ол кептелісте көп тұрмас үшін жолаушыларды осы кесте бойынша тасымалдайды. Енді енгізілген жаңа жол ережесіне байланысты қызметін ауыстырғысы келеді.

 Мураз Сардар, көлік жүргізушісі:

- Көлік жүргізу күннен күнге қиындап барады. Кей көшедегі екі қатардың бірін велосипедке берді. Содан барып кептеліс көбейді. Егер бұрын қозғалыс таңертең және кешке көп болса, енді кептеліске кез келген уақытта кезігіп қалуға болады. Көлік саны әсіресе жексенбіде көп.

Париж мұндай жол ережесі қабылданған жалғыз шаһар емес. Жылдамдықты сағатына 30 шақырыммен шектеу Франциядағы 250-дей қалада кездеседі. Жергілікті билік өкілдері бұл қадамға қауіпсіздік мақсатында бардық деп отыр. Мәселен, Лилль қаласының әкімдігі таратқан ақпарға сүйенсек, жүргіншілер жолында адам қағу дерегі 10 процентке азайған. Дегенмен, Париж тұрғындарының дені бұған наразы.  

БЛИЦ 

- Мен бұған қарсымын. Жылдамдықты шектеу ешкімді құтқармайды, тек жолдағы қозғалысты қиындатады. 

- Парижде жантүршігерлік апаттар болмайды, тек кішкентай соқтығыстар тіркеледі. Оның өзі жылдамдыққа байланысты емес. Ал жылдам жүруге құмар адамдар бұл шектеуді елемейді. Зардабы қатардағы жүргізушілерге көбірек тиеді. 

Қабылданған ережеге қарсылық танытушылар шектеудің саяси сипаты басым дейді. 30 шақырымдық жылдамдықпен жүрген көлік ауаны көбірек ластайтынын айтады. Наразы тұрғындардың саны миллионнан асып жығылады. Ал әкімдік өкілдері бұл шектеу арқылы қаладағы көлік санын азайтқысы келетінін жасырмайды. 

Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

Хабар 24 телеарнасы