Индонезияда карантинде отырғандарға керек-жарақты дрондар жеткізеді

Индонезияда коронавирус жұқтырып, карантинде отырған азаматтарға дәрі-дәрмек пен азық-түлікті дрондар жеткізеді. Мұндай шараны жергілікті өнертапқыштар қолға алған.

Әзірге оларда тек 5 ұшу аппараты ғана бар екен. Алайда соған қарамастан олар біраз шаруаны тындырып жүргенге ұқсайды. Мәселен, күніне 25 рет ұшатын кездер болады. Және айта кетерлік тағы бір маңызды жайт, бұл қызмет тұрғындарға тегін көрсетіледі.

Ариски Сапутра, студент:

- Меніңше, бұл керемет бастама. Коронавируспен ауырған адамдардың үйден шыға алмайтынын бәріміз де білеміз. Сондықтан дрондардың көп пайдасы тиер еді. Билік осындай жобаларға қолдау көрсетсе екен.