АҚШ-та 1 миллионнан астам ғимарат жарықсыз қалды

АҚШ-тың Луизиана және Миссисипи штаттарында «Ида» дауылы 1 миллионнан астам үй мен мекемені жарықсыз қалдырды.

3 күннен бері толассыз соққан күшті желдің салдарынан мерт болған адамдар саны 6-ға жетті. Қайтыс болғандар арасында Алабама штатының 2 электр қызметкері бар. 16 жыл бұрын «Катрина» дауылынан 1800-дей тұрғын көз жұмған Жаңа Орлеан қаласында қазір ауыз су мен азық-түлік жетіспей жатыр.  Осыған байланысты халық сауда нүктелерінде ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр.

Латойа Кантрелл, Жаңа Орлеан мэрі:

–Тұрғындарға тамақ, су және басқа да заттарды тез жеткізу қамында жүрміз. Бүгін толық қамтамасыз етеміз. Халыққа аса қажетті тағы бір зат - жанармай. Қазір тиісті мекемелермен сөйлесіп жатырмыз.

НЬЮ-ЙОРК МЕТРО СТАНЦИЯСЫН СУ БАСТЫ

Нью-Йоркте толассыз жауған жаңбыр тасқынға ұласты. Салдарынан метро станциясын су басты. Қаладағы арықтар толып қалған. Сондай-ақ Нью-Йорктің Мидтаун ауданынан 24 шақырым жердегі Ньюарк әуежайы да су астында қалды.