Еуроодақ тәліптер билігін мойындауға асықпайды

Еуроодақ өкілдері «Талибан» қозғалысын Ауғанстанның ресми билігі ретінде мойындауға асықпайтынын жеткізді.

Тараптар арасындағы байланыс тек нақты шарттар орындалған жағдайда ғана орнайды. Мәселен, тәліптер адам құқықтарын сақтап, гуманитарлық көмектің көрсетілуіне кедергі келтірілмеуі керек. Елден кетемін деген ауған азаматтары болса, олардың жолы бөгелмеуі қажет. Сондай-ақ мемлекет лаңкестердің ордасына айналмауы тиіс.

Жалпы Еуроодақ өкілдері Ауғанстандағы қазіргі жағдайды ескере отырып, 2015 жылғы көші-қон дағдарысы қайталануы мүмкін деген болжам айтады.  

Гуннар Виганд, Еуроодақтың сыртқы саясат қызметінің өкілі:

– Біз тәліптермен бірге жұмыс істеуіміз керек. Біз тетіктерді қолдана отырып, оларға әсер етуіміз керек. Десе де тәліптерді Ауғанстанның ресми билігі ретінде мойындауға асықпаймыз. Біз кейінгі 20 жылда мемлекет пен батыс елдерінің арасындағы қарым-қатынасты саралап, қандай қателіктер кеткенін түсінуіміз қажет.