Табиғи апаттар 50 жылда 5 есе көбейген

Ауа райы әлем жұртшылығын әбігерге салды. Испания мен АҚШ-тың кей аумағын су басса, Ресейде орман өрті өршіп, елді мекендерге қауіп төндіре бастады. 

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы келтірген мәліметке сәйкес, соңғы 50 жылда әлемде табиғат апаттары 5 есе жиілей түскен. Соның салдарынан 2 миллионнан аса адам опат болған. Материалдық шығын көлемі 7 есе артқан. Бұл климаттың өзгеруімен тікелей байланысты, дейді сарапшылар.

ЕЛДІҢ ШЫҒЫСЫНДА СЕЛ ЖҮРДІ

Испанияның шығысында алапат сел жүрді. Жағдай әсіресе, Таррагона мен Кастельон провинцияларында қиын. Тосыннан келген табиғат апаты жолындағының бәрін жайпап, көліктер мен ғимараттарды тас талқан етті. Кей аудандарда тіпті теміржол бүлініп, пойыз қозғалысы тоқтады. Абырой болғанда, әзірге тілсіз жаудан опат болғандар жайлы ақпар жоқ. Бірақ 10 мыңнан аса адам электр қуатынсыз қалған. Мамандардың айтуынша, аймақта бір шаршы метр жерге 215 литр жауын түсіпті. Қазір мамандар табиғат апатының салдарын жоюға тырысып жатыр.

1 МИЛЛИОННАН АСТАМ ҒИМАРАТ ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ

Ал АҚШ әлі де Ида даулының зардабын тартып жатыр. Бірнеше күннен бері толассыз соққан дүлей дауылдан 8 адам көз жұмды. Луизиана және Миссисипи штаттарында 1 миллионнан астам үй мен мекеме жарықсыз қалған. Апаттан есеңгіреген тұрғындар енді биліктің көмегін күтіп отыр.

Латойа Кантрелл, Жаңа Орлеан Мэрі:

– Тұрғындарға тамақ, су және басқа да заттарды тез жеткізу қамында жүрміз. Бүгін толық қамтамасыз етеміз. Халыққа аса қажетті тағы бір зат - жанармай. Қазір тиісті мекемелермен сөйлесіп жатырмыз.

НЬЮ-ЙОРК СУ АСТЫНДА ҚАЛДЫ

Өз кезегінде Нью-Йорк штатында төтенше жағдай жарияланды. Себебі толассыз жауған жаңбырдан аймақты су басты. Тереңдігі тізеден келеді. Соның салдарынан қаладағы метро станциялары жұмысын тоқтатты. Әуе рейстері де кейінге шегерілді. Көршілес Нью-Джерси штатындағы жағдай осыған ұқсас. Көшелер суға толып, жүздеген үйге зақым келген. Бір адамның опат болғаны да белгілі болды. Қазір коммуналды қызмет мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Ал билік өкілдері тұрғындарды сыртқа шықпауға шақырды.

«КАЛЬДОР» ӨРТІ ДЕС БЕРЕР ЕМЕС

Калифорнияның солтүстігіндегі Тахо көлі маңайындағы орман өрті әлі де құтқарушыларға дес бермей тұр. Бүгінге дейін он мыңдаған алқапты тып-типыл еткен. Өкініштісі, екі аптадан астам уақыт бұрын басталған өртті сөндіру әзірге мүмкін болмай тұр. Биліктің мәліметінше, осы уақытқа дейін қызыл жалын 700-ден астам нысанды қиратқан. Тағы 33 мың ғимаратқа қауіп төндіріп тұр. Осыған байланысты АҚШ-тың Орман қызметі 31 тамыз бен 17 қыркүйек аралығында Калифорнияның барлық ұлттық орманы жабылатынын жариялады.

ОРМАН ӨРТІ ӨРШІП ТҰР

Көршілес Ресейде де қазір орман өрті өршіп тұр. Әсіресе Свердловск облысындағы жағдай күрделі. Қызыл жалын 7 жарым мыңнан астам гектар жерге жайылған. Тілсіз жауды сөндіру үшін аймаққа 600-ден астам маман мен 200-ге жуық техника жұмылдырылған.