Парижде бір топ адам Олимпиада нысандарының құрылысына қарсы шықты

2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада елдің біріне ұнаса, біріне жақпайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол жақтырмағандардың бір шоғыры спорт нысандары салынатын аумақты қорғап, шеруге шықты. Өйткені мына үйлердің маңындағы аумақты 150 жыл бойы осы жердің тұрғындары өңдеп, күтім жасап, атадан балаға мирас етіп келеді. Енді бұл жерге билік жүзу орталығын салмақ. Шетелдік журналистерге арналған ғимарат та тұрғызылғалы жатыр. Мектеп жанынан жаңа жолдар тартылады. Бұдан басқа, аталған аймақта 14 мың спортшыны қабылдайтын Олимпиада қалашығы бой көтермек. Ал билікке наразылық бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Әзірге тұрғындарды тыңдап жатқандар шамалы. Белсенділер де райынан қайтар емес.

Виан Гриво-Женес, белсенді:

– Бізге «Қуаныңдар, сендерге тарту жасап жатырмыз» дейді. Қайдағы сыйлық?! «Олимпиада тек жақсылық әкеледі» дейді, бұл да өтірік. Біздің аймақ ең тұрақсыз, ең кедей, экологиясы ең нашар және ковидтен ең қатты зардап шеккен өңірге айналды. Сена-Сан-Дени департаментіндегі Олимпиада ойындарына қатысты жобалардың ешбірі жергілікті тұрғындармен келісілмеген.