АҚШ-та «Ида» дауылы салдарынан 43 адам қайтыс болды

Елдің солтүстік-шығыс бөлігіне жеткен «Ида» дауылының салдарынан опат болғандар саны артып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зардап шеккен аймақтардың қатарында Нью-Йорк қаласы да бар. Мамандар мұндай табиғат апаты тарихта болмаған дейді.

Бұл Нью-Йорк қаласының кешегі көрінісі. Толассыз жауған жауынның салдарынан қала көшелері суға толып, метро станциялары толықтай жабылды. Электр жүйесі істен шығып, тұрғын үйлер су астында қалды. Осы орайда штат губернаторы Кетлин Хокул Нью-Йорк аумағы бойынша төтенше жағдай жариялап, халықты сақ болуға шақырды.

Кэтлин Кортни Хокул, Нью-Йорк штатының губернаторы:

– Нью-Йорк қаласында бірден төтенше жағдай жарияладық. Өйткені бұл өте қауіпті дауыл және толассыз жаңбыр ешкімді аямайды. Тұрғындарымыз мұндай табиғат апаттан қатты зардап шегіп отыр. Оларға көмектесу үшін барымызды салып, құтқару-іздестіру жұмыстарын жүргізіп отырмыз.

Жолындағыны тас талқан еткен желдің күші сағатына 240 шақырымға дейін жетті дейді мамандар. Қатты нөсер мен су тасқынының салдарынан 43 адам қаза тауып, 150 мың тұрғын жарықсыз қалды. Сондай-ақ жарақат алғандар мен баспанасыз қалғандардың саны әлі де анықталуда.

Нью-Йорк тұрғыны:

– Мен дауылдың басталғанын естіп бірден далаға шықтым. Сөйтсем екпінді жел ауламда тұрған жиһаздардың барлығын ұшырып әкетті. Мен қатты қорықтым. Не істерімді білмей, бірден жертөлеге қарай жүгірдім.

Нью-Йорк қаласынан бөлек, Коннектикут Пенсильвания және Нью-Джерси штаттары да қатты зардап шекті. Қаладағы арықтар суға толып, негізгі көшелер жабылды. Жауын шашынның мөлшері рекордтық деңгейге жетіп, қаладағы ғимараттарды су басты.  

Талғат Алманов, тілші:

– Біз қазір Нью-Джерсидегі үш қабатты үйлердің біріндеміз. Дәлірек айтсақ, жертөледеміз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, мұндағы судың деңгейі тобықтан асады және мынандай заттар судың бетінде қалқып жүр. Түнгі үштен бері жауған су мынадай насос арқылы сыртқа шығарылып жатыр.

Апаттың айтып келмейтіні белгілі, бірақ мұндай катаклизмнің салдарынан зардап шеккендерді құтқару жұмыстарын пысықтауды қолға алу керек дейді мамандар. Айтуларынша, табиғи апаттан қайтыс болғандарға уақытында көмек көрсетуге болар еді. Естеріңізге салайық, қаза тапқандардың дені жертөлелерде немесе көліктерде қамалып қалып, дер кезінде көмек алмаған.

Талғат Алманов